Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасын еске түсіру жиынына келетін кей белсенділерге қысым жасалғаны хабарланды


Алматыда демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топтың жиыны

14 желтоқсанда Алматыда "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін бастамашыл топтың жиыны өтті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оған шамамен жүзден астам адам жиналған. Олардың арасында жазушы Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев, саясаткер Төлеген Жүкеев, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы бар.

Бұған дейін бастамашыл топ өкілдері мұнда үш мақсатта жиналамыз деп мәлімдеген: Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран оқыту, партияның Алматыдағы штабын құру және Жаңаөзен оқиғасы туралы жазушы Ырысбек Дәбейдің "Қоңыз" романының тұсаукесерін өткізу. Жиын басталар алдында жиналғандар Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын бір минут үнсіз тұрып, еске алды.

Бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай Алматыдағы жиынға келгісі келген аймақтағы белсенділерге қысым жасалғанын айтады. Атап айтқанда, оның айтуынша, "Қостанайда жиынға келгісі азаматтарды полиция пойыздан түсіріп, әкімшілік жазаға тартқан". (Мамай полицияның оларды не үшін айыптағанын айтпады). Осыған ұқсас оқиға Қызылорда мен Таразда да болған. Әзірге полиция бұл оқиғаларға байланысты түсініктеме бермеді.

Күз айларында жақтастарын жинау үшін Қазақстанның түрлі аймағын аралаған бастамашыл топ бірнеше қаладағы жиындарында "арандатушылардың" кедергі жасағанын айтқан.

Оқи отырыңыз: Демпартия құрмақ болғандардың Нұр-Сұлтандағы жиынында әйелдер дау шығарды

Жанболат Мамай 16 қазанда Алматыдағы жиында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Ол “партияның мақсаты сайлауға түсу емес, елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу” екенін айтқан.

Қазір Қазақстанда "Нұр Отан", "Ақ жол", Коммунистік халықтық партия, "Бірлік", "Ауыл", ЖСДП және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі - "Нұр Отан", "Ақ жол" және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінен орын алған.

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі тиіс. Билік 40 мың мүшесі бар партияларды ғана ресми тіркейді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG