Accessibility links

Жаңаөзен белсендісі Ержан Елшібаев Ақтөбеге жеткізілген


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

"Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен бес жылға сотталған жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев транзитпен Ақтөбе қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілген. Белсенділер оның отбасына қолдау білдіру үшін краудфандинг арқылы ақша жинауды бастап кетті.

Оның жұбайы Динара Хайруллинаның Азаттыққа айтуынша, Ержан Елшібаев өзінің Ақтөбеге жеткенін таксофоннан хабарлаған. Ол күйеуінің жағдайына алаңдаулы екенін айтады. Оның сөзінше, күйеуі туыстары берген жылы киімдерін ала алмаған.

Ержан Елшібаевтың Ақтөбеде екенін тергеу изоляторының кезекшісі растады. Аты-жөнін айтпаған кезекші оңтүстікке 20 және 22 желтоқсанда екі этап жөнелтілетінін, нақты қайсысымен кететінін білмейтінін айтты.

Бұған дейін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Тelegram чатында хабарлама жазды" деп айыпталып, үш жылға сотталған, биыл жазда мерзімінен бұрын босап шыққан Авлобас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева Facebook әлеуметтік желісінде Ержан Елшібаевтың және көп балалы әйелдер проблемасын қозғағаны үшін алты айға қамалған Жамбыл Көбейсіновтің отбасына жылу жинап жатқанын айтты. Ол "күйеуі қамауға алынған кезде көп қиындықты басынан кешіргендіктен мұндай жағдайдың қандай екенін білемін" дейді.

- Олардың отбасы жағдайы тым нашар. Мен оны естіп қана емес көріп отырмын. Сондықтан оларға көмектесу міндетіміз деп санаймын. Оларды баяғыдағы "желтоқсаншылардың әйелі" десек те артық емес, - дейді ол.

31 жастағы Ержан Елшібаевты Ақтаудағы ГМ-172/10 мекемесінен 12 желтоқсанда этаппен басқа аймаққа жіберген. Жергілікті қылмыстық атқару жүйесі департаменті оның Шымкентке ғана жіберілетінін айтып, толық ақпарат бермеген.

17 қарашада Жаңаөзен қалалық соты Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап, 2-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Кейін 25 қарашада оқиғаға қатысы бар адамдар талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді. Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Бұған дейін бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан.

Белсенділер мен Елшібаевтың әйелі Динара Хайруллина бұл істің саяси астары бар деп санайды. Тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Ержан Елшібаев биыл ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG