Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан тоғыз адам жараланды


Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы жолда тұрған милиция көлігі. Көрнекі сурет.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы жолда тұрған милиция көлігі. Көрнекі сурет.

Қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан Қырғызстанның алты азаматы, Тәжікстанның үш азаматы жараланды деп хабарлады жергілікті билік пен дәрігерлер.

Қырғызстанның шекара қызметінің хабарлауынша, 18 желтоқсанда Қырғызстанның Баткен облысында болған жанжал кезінде төрт шекарашы, бір депутат және бір тұрғын жараланған. Екеуіне оқ тиген.

Тәжікстанның Исфар қаласындағы аурухана қызметкері Азаттыққа Тәжікстанның үш азаматы: 14 жастағы Умеджон Сафаров, 23 жастағы Асрорхон Асадзода және 59 жастағы Содикбой Набиевтің жараланғанын айтты. Тәжік билігі оқиғаға байланысты ресми түрде мәлімдеме жасамады.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

Қаңтар айынан бері қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG