Accessibility links

Тәуелсіздік күні ұсталған белсендінің әйелі бір адамдық пикетке шықты


Белсенді Болатбек Біләловтың әйелі Ақмарал Біләлова Бас прокуратураның алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 18 желтоқсан 2019 жыл.

Тәуелсіздік күні шеруден соң 15 күнге қамауға алынған Болатбек Бәліловтың әйелі Ақмарал Біләлова 18 желтоқсанда Бас прокуратура алдында бір адамдық пикет өткізді. Ол күйеуінің қамалғанына наразы.

Ол қолындағы "Болатбек Біләловтың тұтқындалуымен келіспеймін" деген орыс тілінде жазылған плакатын жазып үлгергенше Нұр-Сұлтан қалалық әкімдік өкілі жетіп келді. Өзін әкімдік қызметкері Дәрменияр Қыдырбекұлы деп таныстырған ол Ақмарал Біләлованың әрекетін "заңсыз" деп, ескертті. Оның сөзінше, "жалғыз адамдық пикеттер, митингілер тек атқарушы орган шешімімен өткізіледі. Бірақ әкімдікке Біләловадан ондай арыз түспеген".

Әкімдік өкілі Азаттық тілшісінің пикет өтетінін қалай білгені туралы сауалына "жақында жүргенмін, көріп қалдым" деп жауап берді.

Ақмарал Біләлова бірден плакатын жинап, арыз қалдыруға Бас прокуратураға кіріп кетті. Оны қабылдаған бас прокурордың аға көмекшісі Александр Дуккардтың айтуынша, Біләлованың арызына 15 күннің ішінде жауабы беріледі.

Біләлованың айтуынша, 16 желтоқсанда күйеуі Болатбек Біләловтың ұсталғанын ести сала Алматы аудандық полиция бөлімшесіне барған. Ол жерде өзін "сот болғанда шақырамыз деп алдап, полиция бөлімшесінің кіре берісінде бес сағаттан астам күттірген". Біләлова қатты тоңып ауырып қалғанын айтады.

- Адвокат Асхат Оразаевты да, құқық қорғаушы Ерлан Қалиевті де кіргізбеді. Мен полиция басқармасы бастығының атына күйеуімді заңсыз ұстаған полиция қызметкерлерінің үстінен арыз жаздым. Бізде сөз бостандығы бар, оған қатысты сот шешімін де заңсыз деп санаймын, - деді ол Азаттыққа.

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін билікке талаппен Ақордаға бет алған ондаған белсендіні жолда полиция ұстады. Арнайы жасақ оларды автобусқа салып, алып кеткен.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұрттың Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналып, кейін көшелердегі маршын "заңсыз шеру" деп атады. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, екі қалада жалпы саны 55 адам полицияға жеткізілген. Бірақ Нұр-Сұлтанға арнайы мониторинг жасауға келген құқық қорғаушы Ерлан Қалиев ІІМ дерегімен келіспейді. Ол тек Нұр-Сұлтанның өзінде кемінде елу шақты адамды арнайы жасақ мәжбүрлеп алып кеткенін көзімен көргенін айтады.

Биыл Қазақстанда жыл басынан бері бірнеше мәрте билікке қарсы наразылық шаралары өткен. Әлеуметтік мәселелерді шешуді, биліктен реформа талап еткен митингілердің барлығы да құқық қорғау органдары тарапынан қатаң түрде қарсылыққа ұшырап келеді. Нұр-Сұлтан бұл митингілердің барлығын "заңсыз" деп таныған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG