Accessibility links

Нұрлан Ноғаев энергетика министрі болып тағайындалды


Нұрлан Ноғаев

Нұрлан Ноғаев Қазақстан энергетика министрі болып тағайындалды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы 18 желтоқсанда Ақорда сайтына жарияланды.

Ноғаев 2016 жылдың наурызынан бері Атырау облысы әкімі қызметін атқарған. Ол аймақта әкім болып тағайындалған соң бірнеше айдан кейін Атырауда халық Жер митингіне шығып, биліктен жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы болған. Ноғаев сол кезде наразылармен кездесіп, "митингіге қатысқандар қудаланбайды" деп сендірген. Бірақ кейін Атыраудағы жер митингісіне қатысқан Макс Боқаев пен Талғат Аян "жалған ақпарат таратты", "араздық қоздырды" деген айыппен сотталған. Аян шартты жазамен босап шықса, Боқаев әлі қамауда отыр. 2016 жылғы елдегі Жер митингілерінен кейін билік "шетелдіктерге жерді жалға беретін" заңға мораторий жариялаған.

Тоқаевтың жарлығымен Ноғаевтың орнына Атырау облысы әкімі болып, Махамбет Досмұхамбетов тағайындалды. Ал осыған дейін энергетика министрі қызметін атқарған Қанат Бозымбаев президент кеңесшісі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG