Accessibility links

Қарағанды соты бұрынғы энергетика вице-министрін қамаудан босатпады


Анатолий Шкарупа.
Анатолий Шкарупа.

Қарағанды облыстық сотының сот алқасы бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны қамаудан босату туралы адвокат Нұрлан Бейсекеевтің өтінішін қанағаттандырмады. Сот сонымен бірге процесті астанада өткізу туралы өтінішті де қанағаттандырмады. Сот алқасы істі Қарағандыда қарау туралы Саран қалалық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Сот қаулысына байланысты енді шағым түсіруге болмайды.

- Сот не үшін біздің келтірген дәлелдерімізді қаперіне алған жоқ? Егер Конституция бойынша адамды қамауға тек сот қана санкция бере алса, ал Шкарупаны қамауда қалдыру мерзімі 16 қарашада аяқталған, енді не істеу керек? Енді қылмыстық істерді қарайтын Қазыбек аудандық соты алдын ала сот тыңдауын тағайындауы тиіс және оған бізді міндетті түрде қатыстыру туралы өтініш түсіреміз, - деді Азаттыққа Анатолий Шкарупаның адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

44 жастағы Анатолий Шкарупаны қамауда қалдыру мерзімі 2019 жылдың 16 қарашасында аяқталған. Тергеу изоляторында болған кезде Шкарупа өзі отырған АК-159/1 мекемесінің бастығы мен Қарағанды облыстық прокурорының атына өтініш жазған. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған.

Бір жылдан бері Қарағандыдағы тергеу изоляторында қамауда отырған Анатолий Шкарупа желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "бас бостандық құқығым өрескел бұзылды" деп мәлімдеген еді. Ол шағымда "өзін 215 миллион теңгені жымқырды деп негізсіз айыптап отырғанын" да айтқан.

Бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отырған Шкарупамен бірге бұл істе тағы екі адам бар: "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев. Нәбиев үйқамақта отырса, Байдалы қамауға алынған. Үшеуіне де "Сенiп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлiктi иемденiп алды немесе талан-таражға салды" деген айып тағылған.

Тергеу болжамы бойынша, Анатолий Шкарупа Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған тұста орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге "жылу есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнату үшін" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. 44 жастағы Анатолий Шкарупа тағылған айыпты мойындамайды. Өзге айыпталушылар да айыппен келіспейді. Бұл бап бойынша 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2018 жылы қазанда Қазақстан энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалған Анатолий Шкарупа сол жылы қарашада тұтқындалған. Былтыр 7 қарашада Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров Анатолий Шкарупаның Сарань әкімі болған кезде "бюджеттен 215 миллион теңгені жымқыруға қатысы бар" деп мәлімдеген. Шкарупа 2014 жылдан 2017 жылғы мамырға дейін Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған. Кейін Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғы үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар мәселелері бойынша орынбасары болып істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG