Accessibility links

БҚО соты белсендінің "полицияға бағынбау" ісі бойынша шағымын қанағаттандырмады


19 желтоқсанда Батыс Қазақстан облыстық соты оралдық белсенді Әлия Абулхаированың қалалық әкімшілік сотының "полицияға бағынбады" деген ескертуіне түсірген апелляциялық шағымын қанағаттардырмады.

- Сот шағымымды қанағаттандырмайды деп топшыладым. Апелляциялық сотпен келіспеймін және бұл шешімнің үстінен Жоғарғы сотқа шағымданамын, - деді белсенді соттан кейін.

Полиция 18 қазанда Абулхаированы ұстаған. Белсендінің сөзінше, осы күні таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда полиция формасын киген бірнеге адам оны ұстаған. Ол полиция формасын кигендерден өздерін таныстыруды сұрағанымен, олар бұл өтінішіне құлақ аспаған. Кейін Абулхаированы полиция бөлімшесіне жеткізіп, "рұқсат етілмеген митингілерге қатысуға болмайтынын" ескерткен.

Белсендінің сөзінше, кейін оның жұмыс орнына полицейлер іздеп келген. Осыдан соң ол 31 қазанда Абай аудандық полиция бөлімшесіне барғанда өзіне іс қозғалғанын білген. Бөлімшеде оған хаттама тапсырып, Әкімшілік кодекстің "Әскери қызметкердің не полицейдің бұйрығына бағынбау" туралы іс қозғалғанын хабарлаған. 19 қарашада сот белсендіге осы іс бойынша ескерту жасаған.

Соңғы айда Қазақстанда рұқсат етілмеген митингілер мен шерулерге қатысқан ондаған адам "полицияға бағынбады" я "кұштік құрылым өкілдеріне күш қолданды" деп айыпталған. Құқық қорғаушылар бұл биліктің "қоғамды қорқыту амалы" деп санайды.

Қазақстанда митинг өткізу үшін азаматтар жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар биліктен бұл заңды өзгертуді талап етеді. Әкімдіктер белсенділерге бейбіт митинг өткізуге көбіне рұқсат бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG