Accessibility links

Қайырлы Омардың жақтастары биліктен оны ақтауды талап етеді


Азаматтық белсенді Қайырлы Омар сот залында. Нұр-Сұлтан, 24 шілде 2019 жыл.

"Өкілеттілігін теріс пайдаланды" деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылған нұр-сұлтандық белсенді Қайырлы Омардың жақтастары мен адвокаты 23 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен оны ақтауды талап етті.

Жиынға қатысқан "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова Қайырлы Омардың ісін "таза саяси сот" деп атады. Ол "Қайырлы Омар - 2016 жылғы Атыраудағы жер заңына қарсы митингіден кейін бес жылға сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін жалғастырушы" деп санайды.

Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты 29 қазанда "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омарды бас бостандығынан екі жылға айыру туралы үкім шығарған.

Оған әуелде Қылмыстық кодекстің 189-бабындағы "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деген айып тағылған еді. Ал кейін айыптау бабы "Өкілеттікті теріс пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 250-бабы) деп өзгертілген.

59 жастағы белсенді Қайырлы Омар қамауға алынғанға дейін "Азат шаңырағы" жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға "жөндеу жұмысы үшін төлеген 4 мың теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді" деген арызынан соң қозғалған.

Нұр-Сұлтанда жиында адвокат Василий Садықов 24 желтоқсанда өтетін апелляциялық сотта Қайырлы Омардың кінәсіз екенін тағы бір дәлелдеуге тырысатынын айтты.

Қорғаушының сөзінше, 29 қазанда судья Элизавета Атшыбаева оқыған сот үкімінде "Қайырлы Омар 2016-2017 жылдары "Азат шаңырағы" пәтер иелері кооперативінің төрағасы болып жүріп, 187-көшедегі 25\2 тұрғын үйінде өз пайдасын көздеп тегін жөндеу жүргізген. Бұған қоса, өзінің өкілетін пайдалана отырып, "Азат шаңырағы" кооперативінің тұрғындары болып табылмайтын Ж. Қозыбақовдан 4 мың теңге, З. Қамаровадан 2 мың теңге, жөндеу жұмыстары үшін жалпы сомасы 6 мың теңге алған және олар бала бақша қызметкерлері ретінде төмен жалақы алатындықтан зардап шеккен" деп көрсетілген.

- Бұл нағыз тапсырыспен өткен процесс болды. Полиция департаменті жөндеуге 4 мың теңге беріп, зиян шеккені туралы пәтер жалдаушы арызы негізінде іс қозғап, Қайырлы Омардың кінәсін дәлелдеу үшін 4 миллион теңгеге аудитор қызметін пайдаланған. Мен мұны сот тергеуі барысында аудитордан келісім шартын көру барысында оқыдым, - дейді адвокат Василий Садықов.

Қайырлы Омар 2016-2017 жылдары жерді шетелдіктерге беру мәселесінде билікке наразылық білдірген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG