Accessibility links

Теміртау билігі Соцгородтағы ауызсу мәселесі барын мойындады


Белсенді Надежда Горчицына мен Теміртау әкімі Владислав Цай Соцгородтағы ауызсу мәселесін талқылап жатыр. 23 желтоқсан 2019 жыл.

Жиырма жылдай ауызсуға жарымай отырған Теміртау қаласындағы ескі аудандардың бірі Соцгород тұрғындары 23 желтоқсанда жергілікті билікке белсенді Надежда Горчицынаны жіберді. Белсенді жергілікті биліктен Соцгородта инфраструктура мәселесін шешу үшін келесі жылы ақша бөліне ме деп сұраған.

Теміртау әкімінің орынбасары Владислав Цай Горчицынаға Соцгород мәселесі Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше рет көтерілгенін, бірақ жағдай қаржыға тіреліп тұрғанын айтқан.

- Биыл астанаға үш рет бардым. Біздің өтінішіміз қабылданғанын, бірақ оған ақша 2021 жылы бөлінетінін айтты. Бірақ 2021 жылы бізде Жобалық-сметалық құжаттың уақыты бітеді. Мәселе бар, сондықтан құжат уақыты бітпес үшін облыс бюджетінен 40 млн теңге бөлінбек. Оған біз Соцгородтағы су құбырлары мен канализацияны жөндемекпіз. Қазір бастысы бұл жоба жоғалып кетпесе болғаны. Бізді 2021 жылға кезекке қойды. Қазір ақшаны салып, облысқа тендер өткізуді сұраймыз. Мердігер компания анықталған соң жұмысты бастаймыз. Бұл жоба бірнеше жылға жоспарланған, - деді Цай.

Шененуікті тыңдаған Надежда Горчицына бұл ақпаратты тұрғындарға жеткізетінін айтты.

- Шынымды айтсам, шенеуніктің бұл жауабы бір жағынан қуантты, бір жағынан көңілімнен шықпады. Себебі тағы да ақша бөлінеді деген уәдемен шығарып салды. Біз алты жылдан бері жүгіріп жүрміз, еститініміз осы жауап. Келер жылы іс жылжиды деп үміттенеміз, бізді алдамас, - деді Горчицина Азаттық тілшісіне.

Соцгород тұрғындары «елдімекендеріне тиіп тұрған құбырға» қосуды өтініп, аймақ басшылығына, президент әкімшілігіне, депутаттарға хат жазған. Кейбір тұрғын скважина қазып, су шығарып алған. Бірақ бұл су ішуге жарамсыз.

Оқи отырыңыз: Теміртау орталығында жүздеген тұрғын ауыз суға жарымай отыр​

Дамыған өндірістік өңір саналатын Қарағанды облысында облыс орталығы Қарағанды қаласының өзінде халық орталық су құбырымен толық қамтылмаған.

Үкіметтің дерегінше, Қазақстанда тұрғындардың 90,2 пайызы орталық су құбырына қосылған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG