Accessibility links

"Шетелдіктермен төбелескен" бес тұрғынның сотына арнайы жасақ келді


Полиция жасағы мен сот процесіне қатысушылар арасындағы тартыс. Алматы облысы, 24 желтоқсан 2019 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Полиция жасағы мен сот процесіне қатысушылар арасындағы тартыс. Алматы облысы, 24 желтоқсан 2019 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Алматы облысында "шетелдіктермен төбелесті" делінген Қызылағаштың бес тұрғыны прокурормен процессуалдық келісім жасасады деп хабарлады олардың адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

- Бүгін сот процесін ықшамдалған күйде өткізу немесе процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш бергенбіз. Қазір прокурормен процессуалдық келісім жасасамыз. Ол бойынша жігіттерге екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған, - деді Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, бұл мәселе ертең түстен кейін сағат үште сотта қаралады. Жанар Балғабаеваның айтуынша, бүгін сотқа өте көп адам келген. Сот үзіліс жариялағаннан кейін "қатты ажиотаж" болып, арнайы жасақ өкілдері келген.

- Халық не болғанын түсінбеді. Толқу басталды. Прокурор ертең бас бостандығы шектелгеннен кейін азаматтар бостандыққа шығады деп айтқаннан кейін ғана халық тынышталды, - деді адвокат.

"Атажұрт жастары" ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, сотқа жәбірленуші жақ - қытай жұмысшылары келмеген. Ол болған жайтты былай сипаттайды:

- Сот ертеңге қалдырылып, бес жігітті алып кетіп бара жатқан кезде халық жолды тосып, газельді ешқайда жүргізбей қойды. Омондар алдан шығып, жұртты таратпақ болса да қарамады. Одан кейін прокурор шығып, бұл бес жігітті ертең босатуға уәде берді. Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы сол жерде сөйледі, - деді Қыдырәлі Оразұлы Азаттыққа.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода сот ғимаратының сыртында бес жігітті полиция газельмен алып кетпек болған кезде халықтың "бостандық" деп айқайлап, жібермегені көрінеді. Жолды жапқан адамдар "соттатпаймыз", "жібермейміз", "сот бүгін болсын!" дейді. Көліктің үстіне шығып, дауыс ұлғайтқышпен сөйлеген Рысбек Сәрсенбайұлы "қорғау тарабының өтінішін орындап, жігіттерді бостандыққа шығару" туралы көптің талабын жеткізді. Өзін Әділет деп таныстырған айыптау тарабының өкілі "тараптардың процессуалдық келісімге келгенін, оны қағаз жүзінде бекіту үшін уақыт керегін айтып" жұртты сабырға шақырды. Ол барлық процедура аяқталғаннан кейін жігіттер сот залынан босатылады деді.

20 желтоқсанда Алматы облысы Ақсу аудандық сотында "Citic Construction" компаниясының Қытайдан келген жұмысшыларымен төбелесті делінген Қызылағаш ауылының бес тұрғынының соты басталған еді. Оларға Қылмыстық кодекстің "қару я суық қару қолданып денсаулыққа зиян келтіру" (293 баптың 3-тармағы) бабы бойынша айып тағылған.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2019 жылдың 8 қазан күні Қызылағаш ауылының бес тұрғыны Қытайдың жиырма шақты азаматын соққыға жығып, оның 11-і жеңіл, үшеуі орта деңгейде жараланған.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.

Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан". Этникалық қазақпен төбелескен Қытай азаматтары әкімшілік жазаға тартылып, 10 күнге қамалған. Кейін олардың елден шығарылғаны да хабарланған. Тексеріс кезінде "Сitic Constraction" компаниясында 33 шетелдік заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған.

Қараша айының ортасында Алматыда жиын өткізген бір топ құқық қорғаушы мен белсенді шетел жұмысшыларының әкімшілік жазамен ғана құтылғанын, ал жергілікті жұмысшылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанына наразылық білдірген. Алматы облыстық полиция департаменті Қытай азаматтарына не үшін әкімшілік жаза қолданылғанын, ал Қазақстан азаматтарына қылмыстық іс қозғалғанын нақты түсіндірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG