Accessibility links

Апелляциялық сот Қайырлы Омардың үкімін өзгертпеді


Азаматтық белсенді Қайырлы Омар сот залында. Нұр-Сұлтан, 24 шілде 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "қызметін асыра пайдаланды" деп 2 жылға сотталған "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының жетекшісі Қайырлы Омардың үкімін өзгертпеді.

24 желтоқсанда өткен апелляциялық сотта адвокаттар 59 жастағы Қайырлы Омарды ақтауды өтінді. Ал прокурор бірінші инстация, Сарыарқа аудандық №2 сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Белсенді Қайырлы Омар өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның жақтастары Омарға қозғалған істің саяси астары бар деп санайды. Омардың апелляциясы қаралған сотқа ондаған адам келді. Айыпталушыны сотқа әкелген жоқ.

Қайырлы Омар 2018 жылы 5 шілдеде ұсталған. Кейін 19 шілдеде оны үйқамаққа шығарған еді, бірақ кейін билік ол үйқамақ ережесін бұзды деп қайта қамаған. 16 қазанда сот оны екі айға қамауға алған, содан бері ол түрмеде отыр.

Белсендіге әуелде Қылмыстық кодекстің 189-бабындағы "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деген айып тағылған еді. Ал кейін айыптау бабы "Өкілеттікті теріс пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 250-бабы) деп өзгертілген.

Омар қамауға алынғанға дейін "Азат шаңырағы" жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға "жөндеу жұмысы үшін төлеген 4 мың теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді" деген арызынан соң қозғалған.

Қайырлы Омар 2016-2017 жылдары жерді шетелдіктерге беру мәселесінде билікке наразылық білдірген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG