Accessibility links

"Тұлпар-Тальгода жолаушыны зорлаған" екі жолсерік 5 жылға сотталды


"Тұлпар-Тальго" пойызында зорланған әйел зорлыққа қарсы жиында сөйлеп отыр. Нұр-Сұлтан, 12 тамыз 2019 жыл.

25 желтоқсанда Қостанай қаласы №2 соты "Тұлпар-Тальго пойызында жолаушыны зорлады" деп айыпталған екі жолсерікті бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Шілдеде Қостанай облыстық сотының судьясы Оразбай Сатыбалды Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязовты екі жарым жылға соттаған. Судья шешім шығарғанда жолсеріктер әйелді топтап зорламағанын, бұрын сотталмағанын ескергенін айтқан. Сотта прокурор оларды алты жылға соттауды сұраған еді. Кейін қоғамда сот шешіміне наразылық күшейіп, елдің көлік прокуратурасы мен жәбірленуші сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

Тамызда Қостанай облыстық соты үкімді жойып, істі қайта тергеуге жіберген.

Tengrinews сайтының жазуынша, үкім күшіне енсе, жолсеріктердің жазасы алғашқы соттың үкімі шыққаннан бастап, яғни 26 шілдеден есептеледі. Олар жазаларын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуі тиіс. Сотталған жолсеріктердің бірі Жетес Үмбетәлиевтің әйелі Аягөз Төрәлиева Азаттыққа сот үкіміне разы еместігін айтты. Оның сөзінше, сотталушылардың екеуі де үкімге апелляциялық шағым түсірмек.

Осы оқиғадан кейін елде әйел зорлағандарға жазаны қатайту туралы талаптар күшейді. Жұрт "Қазақстан темір жолы" компаниясынан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де талап қылды.

Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смаилова "әділдік үстемдік құрды" деп санайды.

- Жәбірленуші сот үкіміне қатысты ешқандай пікір айтқысы келмейді. Сот үкімінің күшіне енуін күтеді. Бұл іс бойынша шығарылған алдыңғы үкім қоғам наразылығын тудырды. Кей заңдарды қайта қарауға себепкер болды, - дейді Дина Смаилова.

Қарашада билік зорлау қылмысына жазаны қатайтуды ұсынды. Қазір елде зорлау бабы орташа қылмысқа жатқызылады және екі тараптың татуласуға мүмкіндігі бар.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG