Accessibility links

Тәжікстанда мемлекеттік басылым "қарсылық белгісі" ретінде бос бетпен жарық көрді


"Тахти Кубод" басылымы.
"Тахти Кубод" басылымы.

Тәжікстанның Хатлон облысы Кубод ауданында шығатын "Тахти Кубод" апталық басылымының алғашқы беті бос бетпен жарық көрді. Басылым жергілікті шенеуніктердің журналистермен әріптестік орнатуынан бас тартқанына осылайша қарсылық білдірген.

"Тахти Кубод" газетінің бас редакторы Алолат Сайфуллоев газеттің екінші бетінде жарияланған мақалада "газеттің алғашқы беті - бұл айна, әрбір шенеунік одан өзінің жүзін көруі тиіс" деп жазған.

"Бұл объективті ақпараттың жоқтығы мен жергілікті шенеуніктердің журналистермен әріптестік орнатудан бас тартуына байланысты қарсылық. Бір жылдың ішінде жергілікті шенеуніктердің ешқайсысы аудандық газетке жазған жоқ" деді Адолат Сайфуллоев Озоди радиосына.

"Тахти Кубод" басылымы - Кубод ауданы әкімдігінің ресми басылымы. Ауданда таралатын жалғыз басылымда екі мұғалім ғана "жарты ставкамен" жұмыс істейді.

"Газеттің бос беті аудан басшысы мен өзге шенеуніктерге ұнамайтыны анық, бірақ журналист ретінде билік бір нәрсені ұқса деймін: бірді-екілі журналистің аудандағы барлық мәселені қозғауға шамасы жетпейді. Ал қамтитын мәселе жетіп артылады" деді Адолат Сайфуллоев.

Халықаралық ұйымдар Тәжікстан билігін тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым жасайды деп айыптайды. Баспасөз қорғау ұйымдарының айтуынша, цензура салдарынан кейбір ақпарат құралдары жабылған, бірқатар журналистер елден кеткен, ал жұмыс істеп жатқан журналистердің жағдайы күрделі.

Құқық қорғаушылар жаңалық сайттарының үнемі бұғатталатынын, "биліктің оларды бақылайтынын" айтады.

Тәжікстанда бұған дейін де цензураға қарсылық ретінде басылымдар бос бетпен жарық көрген. Алайда бұл жолы мемлекеттік басылым алғаш рет бос бетпен шығып тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG