Accessibility links

Ирак президенті Салех отставкаға кетуге арыз жазды


Ирак президенті Бархам Салех
Ирак президенті Бархам Салех

26 желтоқсанда Ирак президенті Бархам Салех парламентке отставка кету туралы өтініш берді. Бұл шешімге елдегі наразылық пен премьер-министр кандидатурасы әсер еткен.

Бұл туралы "Әл-Арабия" телеарнасы хабарлады. Ақпаратты Иранның Mehr News агенттігі де таратты. Ирак заңына сай, президентті парламент ғана қызметінен ала алады.

Елдегі наразылықтың басталғанына үш айдан асты. Экономикалық жағдай да тығырыққа тірелген.

Reuters мәліметінше, Салех "премьер-министрлікке Иран қолдайтын, наразылар үнін тыңдамайтын кандидат келгеніне қарсы болған". Салех мәлімдесінде Конституция бойынша премьерлікке ұсынылған кандидатураны кері қайтара алмайтынын, сол себепті отставкаға кетуге дайын екенін айтқан.

Салехтің айтып отырған кандидаты - Ирактың оңтүстігіндегі Басра провинциясының губернаторы Ассад Әл-Айдани. Оның кандидатурасын парламенттегі ираншыл Binaa одағы ұсынған.

Ирактағы наразылықтарға жұмыссыздық, биліктегі жемқорлық, ауызсу мен электр қуатының жеткіліксіздігі және өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелер түрткі болған. Кейін наразылар саяси жүйені де ауыстыруды талап еткен. Шеруге шыққандардың басым бөлігі - оқу орнын бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген жастар. Түрлі құқық қорғау ұйымдарының дерегіне сай, наразыларды басып-жаншу кезінде 450 адам қаза тапқан.

Қарашаның соңында биліктің жағдайды жөнге келтіре алмағанын мойындаған премьер-министр Әділ Әбдел Махди де отставкаға кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG