Accessibility links

Қазақстанда ұшақ апатынан қаза болғандарды аза тұтып жатыр


Алматы маңында құлаған ұшақ. 27 желтоқсан 2019 жыл.
Алматы маңында құлаған ұшақ. 27 желтоқсан 2019 жыл.

28 желтоқсан - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Бір күн бұрын Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы Алматы әуежайы маңында құлап, 12 адам қаза болған. Ондаған адам жарақат алған.

28 желтоқсанда барлық мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік ту түсірілді. Жергілікті телеарналар ойын-сауық бағдарламаларын көрсетуді тоқтатты. Көптеген ұйымдар жаңа жылдық думан кешін өткізуден бас тартқан. Сауда орталықтарындағы мерекелік шаралар өтпейтін болды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кешеден бері тұрғындар Алматы әуежайы ғимаратының алдына гүл шоқтарын қойып жатыр. Бүгін бірқатар қалаларда белсенділер жиналмақшы.

Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Нәдіров 27 желтоқсанда кешке ауруханада 47 адамның жатқанын, сегіз адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады.

Жұма күні таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшпақ болып, әуежайдан шамамен екі шақырым жерге құлаған ұшақтың бортында 98 адам болған: 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі. Ұшақ бетон қоршауды бұзып, ешкім тұрмайтын қаңыраған екі қабатты үйді соққан. Үкімет комиссиясының мүшелері апатқа техникалық ақау немесе адам факторы себеп болуы мүмкін деп болжайды. Bek Air әуе компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

1991 жылдан бері Қазақстанда бірнеше рет аза тұту күні жарияланған. Қарағанды облысы Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға байланысты ең алғаш рет 2006 жылы 20 қыркүйекте аза тұту күні жарияланған. Шахта жарылысынан 41 кенші қаза тапқан. 2008 жылы - Абай шахтасындағы жарылысқа байланысты, 2012 жылы - Алматы облысы "Арқанкерген" шекара бекетіндегі қайғылы оқиға, 2013 жылы 31 қаңтарда - ұшақ апаты, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде қару-жарақ дүкеніне жасалған шабуылдар кезінде қаза тапқандарға байланысты аза тұту күні жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG