Accessibility links

Нұр-Сұлтанда апаттан қаза болғандардың рухына құран бағыштады, билікке талаптар айтылды


Ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына құран бағыштап отырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2019 жыл.
Ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына құран бағыштап отырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2019 жыл.

28 желтоқсанда түс кезінде Нұр-Сұлтанда бір топ адам қаладағы Ашаршылық құрбандарына арналған мемориал тақтасы алдына барып, бір күн бұрын Алматы әуежайы маңында ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына құран бағыштады. Олар жыл басынан бергі қайғылы оқиғалардың бәрін еске алып, осы құранды сол оқиғалар кезінде қаза болғандардың рухына арнап отырғанын да айтты. Сол жердегі мемориал тақтасына гүл қойды.

Шара кезінде тұрғындар мен белсенділер апатқа байланысты пікірлерін айтып, кейбір азаматтар үкімет отставкаға кетуі тиіс деді.

- Мен үкімет отставкасын талап етемін. Жыл қайғылы оқиғамен басталып, қайғылы оқиғамен аяқталды. Бұл - қарапайым адамдардың трагедиясы. Жыл бойы биліктің кінәсінен қаншама қайғылы оқиға болды. Бұл үкіметке үндеуім. Ал халыққа айтарым: Үкіметке бізді басқаруына мүмкіндік бердік - жою үшін емес. Құрметті Тоқаев мырза, осы әуе компаниясының иесін қамауға алуыңызды сұраймын, - деді қала тұрғыны Сәуле Сәдуақасова.

Шараға жиналғандар Қазақстанға ескі-құсқы техника әкелуді қою керек деді.

- Бүкіл ескі-құсқының бәрін - тікұшақ болсын, ұшақ болсын, соны сатып алуды доғарту керек. Назарбаев бастаған билік отставкаға кетіп, қайтадан жаңа заң қабылдау керек. 1993 жылғы Конституцияға қайта оралуымыз керек. Халықтың қамын ойлайтын билікті жаңадан сайлауымыз керек, - деді қала тұрғыны Орынбасар Жәнібеков.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған.

Қаза болғандар арасында Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова, ішкі істер органы зейнеткері генерал Рүстем Қайдаров, астаналық дәрігер Арман Исин және экипаж командирі Марат Мұрабаев бар.

27 желтоқсанда күндіз премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның айтуынша, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық ақаудан құлауы мүмкін. Оның айтуынша, апат алдында ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына әрқайсысына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG