Accessibility links

Bek Air-ден билет алған бір топ студент үйлеріне қайта алмай отырғанын айтады


Bek Air компаниясынан билет алған отыз шақты студент үйлеріне қайта алмай отырғанына шағымданады. Алматы, 28 желтоқсан 2019 жыл.
Bek Air компаниясынан билет алған отыз шақты студент үйлеріне қайта алмай отырғанына шағымданады. Алматы, 28 желтоқсан 2019 жыл.

Bek Air әуе компаниясынан билет алған отыз шақты студент үйлеріне қайта алмай отырғанын айтып, компания өкілдерінен мәселені тез арада шешіп беруді талап етті. 28 желтоқсанда Алматы әуежайындағы компания кассасына барып шағымданған топтағы кейбір студенттер кешеден бері әуежайда қонып жүргенін айтты.

27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза болған. Осы оқиғадан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, әуе компаниясының жұмысы уақытша тоқтатылған еді. Бұған дейін Bek Air компаниясынан билет сатып алған жолаушыларға не басқа билет беріледі не ақшасы қайтарылады деп айтылған еді.

- Біз негізі кеше (27 желтоқсанда) кешкі сағат 18:30-да ұшуға тиіс едік. Бірақ ол рейс тоқтатылды. Біз әуе компаниясы мәселені шешіп берер деп үміттеніп, осында келгенбіз. Бірақ біздің мәселеміз шешілмеді. Кейбір қыздар тұрып жатқан пәтерлерін өткізіп тастаған еді. Сондықтан олар әуежайда қонуға мәжбүр болды. Бізге алдында "билет тауып беріңдер, алып береміз" деген еді. Кеше Оралға, Ақтөбеге билеттер тауып бердік. Бірақ компания сатып әперген жоқ, - деді студенттердің бірі.

Әсел Амангелдина есімді студент әуе компаниясынан ақшасын қайтарып беруді талап еткен кезде компания "онлайн арқылы алғандықтан онлайн түрде алу керектігін айтып" ақшаны тек он күннің ішінде қайтаратынын айтқан. Оның айтуынша, қазіргі кезде не ұшаққа не пойызға билет жоқ.

- Мен тым болмағанда мені Ақтөбеге жеткізіңіз, әрі қарай ақша қосып Оралға барам деген кезде ондағылар "сіз Оралға алдыңыз ба, сол жаққа алуыңыз керексіз" деді. Бізді әйтеуір батыстың бір қаласына жеткізсін, - деді ол.

Өзін Bek Air компаниясының өкілімін деп таныстырған жігіт компанияның студенттерге "орын тауып беруге тырысып жатқанын" айтып, студенттерге жағдайды түсіндіруге тырысты. Бірақ ол Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.

Ақырында екі жақ келісе алмады. Үйлеріне қайта алмай қалған студенттер енді не істейтінін білмейді.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған. Ондаған адам жарақаттанған.

28 желтоқсанда "Эйр Астана" компаниясының өкілдері Bek Air компаниясынан билет сатып алғандар компаниядан ақшасын қайтарып алғаннан кейін, "Эйр Астана" компаниясы кассаларына жолығуы керектігін айтқан. Билік өкілдері жолаушылар Qazaq Air компаниясының қызметін де пайдалана алады деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG