Accessibility links

Иракта шабуылда қаза тапқандарды аза тұтып, марш ұйымдастырды


Шабуылда қаза тапқандарды аза тұтып, маршқа қатысқан топ. Бағдат, 4 қаңтар 2020 жыл.
Шабуылда қаза тапқандарды аза тұтып, маршқа қатысқан топ. Бағдат, 4 қаңтар 2020 жыл.

4 қаңтарда Ирак астанасы Бағдатта мыңдаған адам бір күн бұрын АҚШ шабуылы кезінде қаза тапқан ирандық әскер қолбасшысы мен тағы бірнеше адамды аза тұтып, марш ұйымдастырды. Жиналғандардың көбінің қолында Ирактың мемлекеттік туы және Ирактағы бірқатар қарулы топтардың (арасында "Халықтық мобилизациялау күштері" тобы да бар) жалаушалары болды.

Бір күн бұрын Бағдат әуежайындағы шабуыл кезінде Ислам революциясы сақшылары корпусының элиталық жасағының қолбасшысы генерал Касем Сулейманимен бірге "Халықтық мобилизациялау күштері" тобы жетекшілерінің бірі қаза тапқан еді. Сарапшылар бұл шабуыл аймақтағы жағдайды онан сайын ушықтырып жібереді деп болжайды. Иран генералды өлтіргені үшін АҚШ-тан "кек алатынын" айтты.

4 қаңтарда маршқа қосылғандар арасында Ирак премьер-министрі Әділ Абдул-Махди де болды. Жиналғандар үкімет ғимараттары орналасқан "жасыл аймақтан" шииттердің Карбала және әл-Наджаф қалаларына қарай жүріп шығуды жоспарлады.

БҰҰ-дағы Иран елшісі Маджид Раванчи 3 қаңтарда кешке шабуылды "іс жүзінде АҚШ-тың Иран халқына жасаған соғыс амалы" деп атады.

"Өткен түні олар соғыс бастады, жоғары лауазымды генералдардың біріне террорлық шабуыл ұйымдастырды. Иранға енді тағы нені күтуі керек? Біз үнсіз қарап отыра алмаймыз. Әрекет етуіміз керек және әрекет етеміз де" деді Раванчи CNN арнасына.

3 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп "соғысты тоқтату үшін" Иранның әскери қолбасшысы Касем Сулейманиге шабуыл жасауға бұйрық бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, генерал Бағдатта АҚШ пен оның одақтастарына қарсы "қатерлі" шабуылдар ұйымдастырған.

Бағдат әуежайындағы шабуылдан кейін шамамен бір тәулік өткен соң Иран қолдайтын қарулы топтарға шабуыл жасалғаны туралы хабар тарады. Ақпарат бойынша 4 қаңтарда ерте Бағдат солтүстігіндегі Таджи лагері жанында Иран қолдайтын қарулы топ шебіне дронмен шабуыл жасалған. Ирактағы АҚШ бастаған коалиция өкілі әскери күштердің 4 қаңтарда әуе шабуылын жасамағанын айтты. Ирак әскерилері де шабуыл болғанын жоққа шығарды.

Иран билігінің хабарлауынша, Сулейманиді 7 қаңтарда туған қаласы Керманға жерлемек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG