Accessibility links

Экобелсенді белгісіз біреулер үйінің терезесін сындырып, жанғыш зат бар бөтелке лақтырғанын айтты


Жанғыш зат бар бөтелке лақтырылған үйдің терезесі. Салтанат Тәшімованың Facebook-тағы парақшасынан алынған.
Жанғыш зат бар бөтелке лақтырылған үйдің терезесі. Салтанат Тәшімованың Facebook-тағы парақшасынан алынған.

Алматылық танымал экобелсенді Салтанат Тәшімова 5 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулердің пәтерінің терезесіне жанғыш зат бар бөтелке лақтырғанын хабарлады. Vlast.kz сайтына берген сұхбатында белсенді оқиғаның түнгі сағат бірлер шамасында болғанын айтқан.

"Түнгі сағат бір шамасында лапылдап жанып жатқан оттың дыбысын естідік. Асүй терезесіне жүгіріп барсақ, терезенің ар жағында от жанып жатқанын көрдік, қызым айғайлап жіберді. Мен оттың сырт жақта екенін байқадым. Әрине, алғашында қорқып кеттім, маған іш жақта жанып жатқандай көрінді. Дереу су алып келуге жүгірдім. Қайтып келгенімде сыртқы терезенің жанғанын көрдім. Терезені ашқан кезде терезе жақтауынан күйікті көрдім, бензин сасып кеткен, әйнекке бензин шашыраған" деді Салтанат Тәшімова.

Оның айтуынша, 3 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулер пәтерінің үш терезесіне тас атқан. Өзі мен отбасының қауіпсіздігіне алаңдап отырған белсенді Бостандық аудандық полиция басқармасына да өтініш жазған. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, "тас лақтыру" ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бап - "бөтен біреудің мүлкін қасақана бүлдіру" бабы бойынша іс қозғалған.

Азаттық 5 қаңтарда полиция басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Салтанат Тәшімова шабуылды белсенділігімен байланыстырады. Ол өзге белсенділермен бірге Көкжайлау курортының салынуына, қаладағы ағаштардың кесілуіне қарсылық танытқан. 2017 жылы мамыр айында Тәшімова жақтастарымен бірге қала әкімдігіне "Өлім" деп аталатын символикалық инсталляция мен "Алматы экологиясын құртқаны үшін" грамота тапсырған.

Соңғы кездері Салтанат Тәшімова Facebook-тағы парақшасында Алматы әуежайына жапсарлас жатқан жер телімдеріндегі "заңсыз құрылыс" жайлы жазбалармен бөліскен. Мұндай жазбалар 27 желтоқсан күнгі Алматы әуежайы маңында болған ұшақ апатынан кейін пайда болған. Бұл ұшақ апатынан 12 адам қаза болған, ондаған адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG