Accessibility links

Қытайлық мердігер компания жұмысшылары жұмыссыз қалғандарына наразы


«М-Техсервис» мекемесінің жұмысшылары компаниняың Ақтаудағы кеңсесі алдында тұр. 5 қаңтар 2020 жыл.

Бүгін, 5 қаңтарда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына мердігерлік қызмет көрсететін «М-Техсервис» мекемесінің екі жүзден астам жұмысшысы мекеме ғимаратының алдына жиналып, тиісті жалақыларының 50 пайызын беруді талап етті. Олардың сөзіне қарағанда, жыл басталысымен жұмыс беруші жұмыс көлемі болмағандықтан жұмыстан босатылғандығын хабарлаған.

Машинист Нұрсейіт Құрақбаевтың Азаттыққа айтуынша, компания келесі тендерде жұмыс көлемін алған соң қайта шақыратындарын айтқанымен жұмысшылар оған сенбей отыр. Оның айтуынша, келісім-шартқа сәйкес, жұмыс беруші мұндай жағдайда алатын жалақыларының 50 пайызын беруге тиісті.

- Келесі тендер тек көктемде болады. Ал 220 адам не істеуі керек? Келісім- шарт бойынша жұмыс орындарының сақталуы үшін олар жалақының жартысын төлеуі тиіс. Одан да бас тартып отыр. Егер барлық жұмысшыларды жұмыстан шығарса, олар тиісті мамандары бар мекеме ретінде біздің құжаттарсыз тендерге қалай қатыспақ? - дейді аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі.

«М-Техсервис» компаниясындағылар "еңбек келісім-шартының бұзылатынын" растағанымен басқа ештеңе айтпады.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық әкімдігіне хабарласқан еді. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Самат Сүлей осы мәселеге орай Ақтауда жиналыс өтіп жатқанын, мәселенің әлі шешілмегенін айтты.

«М-Техсервис» жұмысшылары 5 қаңтарда кешке талаптары орындалмай ешқайда бармайтындарын, кеш батса да күтіп тұрғандарын хабарлады.

«М-Техсервис» - 2003 жылы Ақтөбе қаласында тіркелген қытайлық мекеме. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» игеріп жатқан Маңғыстау облысындағы Бозащы және Жетібай кенішіндегі мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Онда 500-ге жуық адам еңбек етеді.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG