Accessibility links

Путин Сирияға барып, Асадпен кездесті


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, 7 қаңтар 2020 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, 7 қаңтар 2020 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 7 қаңтарда Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барды. Оның ол жаққа баратыны алдын ала хабарланбады.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковке сілтеме жасаған Ресейдің ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Путин әуежайдан түсе сала бірден Ресейдің Сириядағы әскери командалық пунктілеріне барған. Онда Сирия президенті Башар Асадпен кездескен.

Песковтің айтуынша, Путин "Сирияның мемлекеттік және территориялық тұтастығын қалпына келтіру жолында өте көп қадамдар жасалғанын" атап өткен. Асад Ресейге көмектескені үшін алғыс айтқан.

Путиннің жанында Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу болған.

Путин Сирияға Таяу Шығыста жағдай ушыққан шақта барып отыр. Ислам революциясы сақшылар корпусының "Құдс күштері" арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. "Құдс күштері" Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан "кек алатынын" мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарын зымыранмен атқылады.

Ресей сияқты Иран да қарулы оппозициямен күресіп жатқан Башар Асад әскеріне қолдау көрсетіп келеді. Сирия аумағында "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресуді көздеген АҚШ одақтастары - сириялық күрдтер мен Америка әскерилері де бар. Олар елдің шығыс аумағына шоғырланған. Путиннің іссапары Сүлейманиге шабуыл жасалғанға дейін жоспарланды ма, жоқ па, белгісіз.

8 қаңтарда Ресей президенті Түркияға барып, "Түрік ағысы" газ құбырының ашылуына қатысады.

  • Сирияда азаматтық соғыс 2012 жылдан бері жалғасып келеді. Ресей "терроризммен күрес" мақсатында 2015 жылы 30 қыркүйекте Сирияға әскер кіргізген. Асад әскері Сирияның басым бөлігін бақылауға ала алды. Құқық қорғаушылар Сирияның үкімет күштері мен Ресей әскерилерінің операциясы кесірінен бейбіт тұрғындар жаппай қырылды деп мәлімдеген.
  • 2017 жылы желтоқсан айында Сирияға барған кезде Путин үкімет күштерінің жеңіске қол жеткізгенін айтып, Ресей әскерін елден шығаратынын мәлімдеген. Алайда әлі күнге дейін Сирияда Ресей базасы бар және ресейлік сарбаздар әскери операцияларға қатысып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG