Accessibility links

Бұрынғы энергетика вице-министрі судьяны ауыстыруды сұрады


Бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа сот залында. Қарағанды, 8 қаңтар 2020 жыл.

8 қаңтарда Қарағандыда "сеніп тапсырылған мүлікті иемденді" деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа мен "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевтің ісі бойынша негізгі сот басталды. Айыпталушы Анатолий Шкарупа судья Жанат Егембердиеваға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды сұрады.

"Істің нәтижесі бойынша жеке мүддеңіз барын көрсеттіңіз. Сот менің қылмыстық іс материалдарымен толық танысып шығуым үшін шара қолданбады. Маған іс материалдарымен танысып, қорғауды ұйымдастыруға мүмкіндік берілмеді. Бұған қоса, іс қаралмай жатып сіз маған сотталушының құқықтарын оқып бердіңіз. Сіз істі қарауға қатыса алмайсыз" деді Анатолий Шкарупа.

Бұдан соң судья Жанна Егембердиева сот залынан шығып кетті. Шкарупаның судьяны ауыстыру туралы өтінішін қылмыстық істер жөніндегі Қазыбек аудандық сотының төрағасы қарайды. Прокурорлар Жақанова пен Тамабаев судьяны ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

Бұған дейін айыпталушылар тағылған айыпты "абсурд" деп атаған. Адвокаттар қылмыс құрамы және қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан істі тоқтатуды сұрап, істі прокуратураға қайтаруды сұраған.

Бұған дейін айыпталушы Анатолий Шкарупа соттан "өзіне байланысты заң бұзғандарды жасырғаны үшін және әрекет жасамағаны үшін" Қарағанды облыстық прокуратурасына жеке қаулы шығаруды сұраған.

Жәбірленуші тарап ретінде "Қазақстандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы" танылған. Бірақ ұйым өкілдері бүгін де сотқа келмеді.

Үшеуіне де "Сенiп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2018 жылы қазанда Қазақстан энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалған Анатолий Шкарупа сол жылы қарашада тұтқындалған.

Тергеу болжамы бойынша, Анатолий Шкарупа Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған тұста орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге "жылу есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнату үшін" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. 44 жастағы Анатолий Шкарупа тағылған айыпты мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Экономист: Дағдарыс ұзаққа созылып, жұмыссыздар көбеюі мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG