Accessibility links

"Қорыққа заңсыз кірді делінген лауазымды тұлғаларға" байланысты қызметтік тексеру басталды


Ақтөбедегі сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.
Ақтөбедегі сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ерланның мемлекеттік қорық аумағына заңсыз кіргені жайлы ақпаратқа орай қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Ырғыз ауданының прокуроры Айдос Сағындықовқа байланысты да дәл осыған ұқсас қызметтік тексеру басталған.

Облыс прокурорының көмекшісі Өркен Ешановтың сөзінше, "аудан прокуроры қорық территориясынан балық ауламаған. Істің мән-жайы қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады".

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Әнуарбек Бермағамбетовтің сөзінше, 3 қаңтарда сағат 11:00 шамасында Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан алты адам ұсталған. Олардың үстінен "ерекше қорғалған табиғи аумаққа кіргені үшін" әкімшілік іс қозғалған. Қорыққа кірген алты адамның бірі "заңсыз балық аулады" деп айыпталып отыр.

Осыған дейін жергілікті БАҚ "ерекше қорғалатын аумаққа лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз кіргені" туралы хабар таратқан болатын. Азаттықтың "ұсталғандардың арасында лауазымды тұлғалар бар ма?" деген сұрағына 8 қаңтарда Әнуарбек Бермағамбетов "азаматтардың аты-жөні анықталып жатыр" деп қысқа қайырды. Ол лауазымды тұлғалардың қорыққа кіргені жайлы ақпаратты жоққа шығармады.

Ақтөбе облысы әкімдігі ұсталған алты адамның арасында Әйтеке би, Ырғыз аудандарының әкімдері жоқ, бірақ сот пен прокуратура қызметкерлері болуы мүмкін деп айтты. ​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG