Accessibility links

Редакторы ауысқан "Жас Алаштың" бейсенбілік саны шықпай қалды


"Жас Алаш" басылымы. Көрнекі сурет.
"Жас Алаш" басылымы. Көрнекі сурет.

Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі, шамамен 18 мыңдық тиражы бар "Жас Алаш" газетінің бейсенбілік саны шықпай қалды. Басылым тілшілерінің айтуынша, 8 қаңтарда "күтпеген жерден газеттің бас редакторын ауыстырған құрылтайшылардың әрекетіне" қарсылық ретінде газет ұжымы осындай ортақ шешім қабылдаған.

2017 жылдан бері газеттің бас редакторы болып істеп келген Руслан Ербота 8 қаңтарда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына құрылтайшылардың шешімімен қызметінен кетіп жатқанын, өзінің орнына Инга Иманбай тағайындалғанын хабарлаған.

Газеттің экономика бөлімінің жетекшісі Елнұр Бақытқызының айтуынша, құрылтайшылар редакция ұжымына неге мұндай шешім қабылданғанын түсіндірмеген.

- Бұрынғы бас редактор Руслан Ербота газетті өте қиын жағдайда алды. Басылымның қаржы жағдайы өте тұрақсыз болды. Сайты мүлде жұмыс істемейтін. Ал қазір сайтқа күніне 10 мың оқырман кіреді. Әлеуметтік желілерде жұмыс істей бастадық. Youtube арнамыз бар. Газеттің дизайны қатты өзгерді. Көптеген авторларды тартты. Олардың арасында Мұхтар Мағауин, Тұрсынжан Шапай, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелді бар. Мұндай еңбекті елеп-ескермей, адам сияқты шығарып салмай, алғыс айтпай, түсіндірмей, күтпеген жерден басқа адамды әкеліп қоя салу бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл ұжымды сыйламау, жүз жылдық тарихы бар газетті сыйламау, - дейді Елнұр Бақытқызы.

Әлеумет бөлімінің жетекшісі Алмас Нүсіп газеттің бейсенбілік санының шықпай қалуын "құрылтайшылардың сондай әрекетіне ұжымның реакциясы" деп атайды. Қазір газеттің сайты да жаңармай тұр.

9 қаңтарда таңертең Инга Иманбай Азаттық тілшісіне әзірге түсініктеме беруге дайын еместігін айтты.

- Өзімнің тарабымнан анық ақпарат түстен кейін болады, - деді ол.

"Жас Алаш" газеті қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселерді қозғайтын аптасына екі рет шығатын республикалық басылым.

Газеттің Алматы кеңсесінде он шақты қызметкер жұмыс істейді. Аймақтық тілшілері де бар. Газет 1921 жылдың наурыз айынан шыға бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG