Accessibility links

Түркістан облыстық соты журналист Амангелді Батырбековті ақтады


Журналист Амангелді Батырбеков сотта. Түркістан, 8 қаңтар 2019 жыл.

"Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қараған Түркістан облыстық соты оны ақтап шықты. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот үкімін оқыған сот алқасының төрағасы Таубай Қадырбаев "Батырбеков сот залынан босатылсын" деді. Босап шыққан журналиске сот алқасының төрағасы "бірінші кезекте мемлекет атынан, сот атынан сізден кешірім сұраймыз. [Іс] заңсыз көтерілген" деді.

Журналист Амангелді Батырбеков. Түркістан, 9 қаңтар 2020 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков. Түркістан, 9 қаңтар 2020 жыл.

Сот үкімін қуана қабылдаған жұрт "Әділдік жасасын!" деп айқайлады.

Облыстық сот журналистің апелляциялық шағымын 13 қараша күні қарай бастаған.

Сәрсенбі, 8 қаңтарда Қазақстанның әр аймағынан келген журналистің жақтастары сот ғимаратының күту залында журналиске қатысты сот қаулысы сол күні оқылсын деп талап етіп, бірнеше сағат тұрған. Олар Батырбековті босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған. Сот отырысы кешкі 17.00-де бітсе де, жиналғандар Алматы уақыты бойынша сағат 20.00-ге таман бір-ақ тараған.

23 қыркүйекте Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.

Дәл осы сот қараша айының басында осы бап бойынша Батырбековтің үстінен қозғалған жаңа қылмыстық істі қарай бастаған. "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева журналистің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге "әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін" тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар. Бұл іс бойынша үкім әзірге шықпады.

Оқи отырыңыз: Түркістанда Батырбековтің жақтастары сот қаулысының оқылуын талап етті

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін 2019 жылы түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF)мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған.

Оқи отырыңыз: Амангелді Батырбеков: Қылмыстық кодекс жұмыс істесе, мен ақталамын​
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG