Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" Батырбековтің бостандыққа шыққаны туралы хабарды жылы қарсы алды


Журналист Амангелді Батырбеков (қызыл тақия киген) жақтастарымен бірге сот ғимаратының алдында. Түркістан, 9 қаңтар 2020 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков (қызыл тақия киген) жақтастарымен бірге сот ғимаратының алдында. Түркістан, 9 қаңтар 2020 жыл.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) журналист Амангелді Батырбековтің бостандыққа шыққанын жылы қарсы алды. "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналистің апелляциялық шағымын қараған Түркістан облыстық соты 9 қаңтарда Батырбековті ақтап шығарған.

Бейсенбі күні Twitter желісінде жариялаған хабарламасында ұйым Қазақстан билігін сөз бостандығын қорғауға шақырды.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының 2019 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 158-орында тұр. Қазақстан ұзақ жылдан бері бұл рейтингіде артта келеді.

23 қыркүйекте Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.

Дәл осы сот қараша айының басында осы бап бойынша Батырбековтің үстінен қозғалған жаңа қылмыстық істі қарай бастаған. "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева журналистің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге "әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін" тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар. Бұл іс бойынша сот үкімі әлі шықпады.

Оқи отырыңыз: Журналист Батырбеков желідегі жазбасы үшін тағы сотқа тартылды

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін 2019 жылы түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF)мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG