Accessibility links

Ақтөбе облысында құлаған "беймәлім темір бөлшектің" не екені әлі анықталмады


Ақтөбе облысының картасы.
Ақтөбе облысының картасы.

9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған. Куәгерлердің айтуынша, сопақша келген металл "зымыран бөлшегіне" ұқсайды. Ноғайты ауылының тұрғыны, зейнеткер Залжан Сүйеуов беймәлім металдың тұрғын үйлерге құламағанына шүкірлік етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауданнан келген комиссия ол маңды қоршап, ешкімді жолатпай қойған.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерде темір бөлшектің құлағаннан кейін де жанып жатқаны көрінеді.

Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров та, облыс әкімдігі де, облыстық төтенше жағдай департаменті де Ноғайтыға беймәлім металдың құлағанын растады. Бірақ ешқайсысы да оның не екенін айта алмай отыр.

Қайрат Отаров "ауылдық округ әкімінен хабар түскеннен кейін Ноғайтыға комиссия жіберілді" дейді.

- Ақпаратты Нұр-Сұлтаннан күтіп отырмыз, - деді 10 қаңтар күні облыс әкімінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

Төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметінің аты-жөнін айтпаған өкілі "ондай ақпарат түскен жоқ, білмейміз" деп жауап берді. Азаттық қорғаныс министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен де жауап ала алмады.

Кейбір ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенген Vesti сайтының жазуынша, темір бөлшектің құлағанын телефонына түсіріп алған тұрғындарды сол суреттер мен видеоларды өшіруге мәжбүрлеген. Қазақстандық интернет-порталдардың бірі "темір бөлшектің құлағаны" туралы ақпаратты өшіріп тастаған.

Байғанин ауданының тұрғыны, экобелсенді Нұрым Нұрлан әуеден құлаған темірге байланысты ресми ақпараттың болмауы "өте қорқынышты нәрсе" дейді.

- Ноғайты ауылының маңында мұнай кеніштері, мұнай құйылған резервуарлар көп. Әуеден құлаған беймәлім зат жанып жатқан. Егер ол өртенген күйі мұнай резервуарларына түссе, не болар еді? Адамдар қаза тапса ше? Ресми мәлімдемені кешелі бері күтіп отырмыз. Әлі жоқ. Халықтың қауіпсіздігіне жауапты органдардың бұл үнсіздігі өте қорқынышты. Әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне жауапты әскерилер, атқарушы билік не үндемейді? - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Министрдің "зиянсыз" зымыран жайлы сөзі белсендіні иландырмады

2013 жылы Ресей мен Қазақстан "Байқоңыр" айлағынан ұшатын зымыран-тасығыштардың бөлшегі құлайтын арнайы аумақ үшін Қазақстан территориясынан жер бөлу туралы келісімге қол қойған. Осы мақсатта Ақтөбе облысынан 23 мың гектар жер және Қостанай облысынан шамамен 41 мың гектар жер бөлінген. Алайда жыл басынан бері "Байқоңырдан" зымыранның ұшырылғаны туралы ақпарат болмады.

Осыған ұқсас оқиға 2018 жылы шілде айында Батыс Қазақстан облысында болған. 4 шілдеде Қарасу және Жұлдыз ауылының ортасындағы далада аспаннан белгісіз объект құлаған. Объект құлаған маңда өрт болып, оны төтенше жағдай мамандары өшірген. Кейіннен жергілікті билік белгісіз заттың ресейлік зымыран бөлшегі екенін айтқан. Жергілікті экологтар БҚО-ға жақын Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр сынақ алаңынан шыққан зымыран қалдығы деген. Мұндай оқиғалар Қазақстанның батыс өңірінде "сирек құбылыс" емес.

2014 жылы наурызда Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданының Шоңғай ауылының маңына Ресейдің Капустин Яр полигонынан ұшырылған метеорологиялық "МН-300" зымыраны құлаған.

(Жаңалықтың дайындауға Өркен Жоямерген атсалысты)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG