10 қаңтарда Нұр-Сұлтанда үкімет комиссиясы Bek Air ұшағы апатына байланысты комиссияның алдын ала қорытындысын жариялады.
Комиссия жетекшісі премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр. Комиссия төрт болжамды қарастырған.
"Біріншіден - әуе кемесіне коммерциялық жүкті тиеу кезінде ереже сақталмауы, ұшақтың тепе-теңдігінің бұзылуы, екіншіден - ауа райы жағдайы, үшінші - ұшақты басқаруда экипаж қателігі, төртінші - техникалық ақау" деді Скляр.
Оның айтуынша, коммерциялық жүк тиеу бойынша ереже бұзылмағаны анықталған. Комиссия мүшелері желдің екпіні тұрақты болғандықтан ол ұшаққа әсер етпеген деп санайды.
Склярдың айтуынша, ұшар алдында Bek Air ұшағын мұз қатырмайтын арнайы сұйықтықпен жартылай ғана "өңдеген". Ұшақтың қанаттарына сұйықтық тимеген.
"Комиссия тұрақта шамамен екі тәулік тұрған әуе кемесінің бетіне мұз жиналып қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Метеорологиялық ақпараттар мен борттық тіркегіш деректерді талдай отырып, ұшаққа мұз қату апаттың басты себебі ретінде қарастырылып отыр" деді Роман Скляр.
27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.
30 желтоқсанда Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының "техникалық жағдайы жақсы болған" деді. Компания басшылығы "Fokker-100" ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus-321 ұшағының ілеспе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін" деген болжам айтқан.
ВИДЕО: Bek Air ұшақ апатына байланысты болжам айтты (30 желтоқсан 2019 жыл).
Бірақ "Қазаэронавигация" мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин Bek Air компаниясы өкілінің "Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына өзге ұшақтың әуе толқыны әсер еткен болуы мүмкін деген сөзі шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеген.
Ұшақ апатының себебі анықталғанға дейін Bek Air әуе компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.
ПІКІРЛЕР