Accessibility links

Ирактағы АҚШ әскери күштері орналасқан база тағы да зымыранмен атқыланды


Ирактағы зымыранмен атқыланған АҚШ-тың екі әскери базасы көрсетілген (қызыл шеңбер) карта.
Ирактағы зымыранмен атқыланған АҚШ-тың екі әскери базасы көрсетілген (қызыл шеңбер) карта.

Ирактың Салах әд-Дин провинциясында, Бағдадтың солтүстігінде тұрған Балад авиабазасы зымыранмен атқыланды. Базада АҚШ әскері орналасқан. Бұл туралы Reuters агенттігі Ирак әскери басшылығының мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Ирактың төрт адамы жарақаттанған, екеуі - әскери қызметкер.

Салах әд-Дин провинциясы полициясының дерегіне сүйенген DPA агенттігінің хабарлауынша, реактивті снарядтар ұшу-қону жолағы мен базаның шыға берісіне түскен.

АҚШ пен Иран арасының ушығып, Тегеранның көршілес елдердегі АҚШ әскери нысандарына шабуылдау қаупінен кейін бұл базадан АҚШ сарбаздары шығарылған. Авиабазаға кімнің шабуыл жасағаны әзірге белгісіз.

Балад авиабазасында Ирактың АҚШ-тан сатып алған осы заманғы Lockheed Martin F-16 тактикалық жойғыш ұшақтары орналастырылған. AFP агентігінің хабарынша, базадағы АҚШ әскері мен Sallyport Global және Lockheed Martin қорғаныс компаниялары қызметкерлерінің 90 пайызы Бағдадтың солтүстігіндегі Тәджи қаласы мен Ирактың төртінші ірі қаласы - Эрбил қаласына ауыстырылған.

АҚШ қолбасшылары әскери техникаларын түгелге жуық әкетіп үлгерген. Базада 15 әскери қызметкері мен бір әскери ұшағын қалдырған.

Балад авиабазасы биыл 4 қаңтарда зымыранмен атқыланған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG