Өткен аптада белгісіз біреулер ұрып кеткен FactCheck.kg сайтының бас редакторы Болот Темиров шабуылға байланысты жеке журналистік зерттеу жүргізетінін мәлімдеді. Ол тергеу орындарының тәуелсіздігіне сенбейді.
"Біз әріптестерімізбен бірге жеке журналистік зерттеу жүргіземіз деген ұйғарымға келдік. Сондықтан оқиғаны көрген немесе оны камераға түсіріп алған жергілікті тұрғындардан, ұйымдардан көмек сұраймыз. Егер кімде-кімнің зерттеуге көмектесуі мүмкін жазбалары болса, бізге көрсетуін өтінеміз. Бұл маған ғана жасалған шабуыл емес, өзге журналистерді де қорқыту амалы" дейді Болот Темиров Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
9 қаңтарда редакция кеңсесінің жанында Болот Темировке белгісіз үш адам шабуыл жасап, оның ұялы телефонын тартып алған. Темировтің әріптестерінің бірі "Журналистерді қорғау комитетіне" журналистің тісі сынғанын, шабуылдан соң бетінде ісік пайда болғанын айтқан. Жәбірленуші оқиғаны кәсіби міндетімен байланыстырады.
Бішкек полициясы шабуылды "Ұрлық" бабы бойынша зерттеп жатыр. Қырғызстанның медиа қауымдастығы журналиске шабуылды айыптап, Қырғызстанда зерттеу журналистикасымен айналысатын қызметкерлерді қорқыту үшін жасалған амал-әрекет деп бағалады.
АҚШ-тың Бішкектегі елшілігі 9 қаңтарда Болот Темировке жасалған шабуылды айыптап, мұқият тексеруге шақырды.
Оқи отырыңыз: Батыс қырғыз журналисіне шабуылды мұқият тексеруге шақырды
"Журналистерді қорғау комитеті" Қырғызстан билігін ақпарат құралдарының жемқорлық мәселесін қауіпсіздігіне алаңдамай, еркін зерттей алатындай жағдай жасауға шақырды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Арлем Дезир де шабуылды айыптап, "журналистерге қоқан-лоқы жасалмауы тиіс" деді.
ПІКІРЛЕР