Accessibility links

Адвокат "Алматыметроқұрылыс" басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іспен келіспейді


Адвокат Сәлімжан Мусин. Алматы, 14 қаңтар 2020 жыл.

"Алаяқтық" бабы бойынша күдікке ілініп, екі айға қамалған "Алматыметроқұрылыс" компаниясының басшысы Қайрат Реимовтің адвокаты 14 қаңтарда Алматыда жиын өткізіп, Реимовтің үстінен қылмыстық іс "заңсыз" қозғалғанын мәлімдеді, оны "ойдан құрастырылған іс" деп атады.

Адвокат Сәлімжан Мусиннің айтуынша, қылмыстық іске "ДК-Инвестмент" компаниясының (кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі) Реимовті "қаржы қайтарудан жалтарып отыр" деп айыптап, полицияға шағым түсіруі түрткі болған.

Мусиннің айтуынша, "Алматыметроқұрылыс" компаниясының 80 пайыз акциясына ие "Инженерлік қолдау" құрылыс компаниясы мен "ДК-Инвестмент" арасында 2014 жылы құнды қағаздарды сату - сатып алу туралы келісім жасалған. Оған сәйкес, "Инженерлік қолдау" құрылыс компаниясы "ДК-Инвестмент" берген 1,6 миллиард теңгеге "Алматыметроқұрылыс" компаниясының 39 пайыз акциясын беруі тиіс болған.

Бірақ қорғау тарабының айтуынша, "Инженерлік қолдау" құрылыс компаниясы "Алматыметроқұрылыстың" 39 пайыз акциясын беруге тырысқанмен "ДК-Инвестментент" оны қабылдаудан бас тартып, "мәселені созып отыр". Мусиннің айтуынша, "Инженерлік қолдау" құрылыс компаниясы кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтан алған 1,5 миллиард теңге қарызын да қайтарған. Сондықтан қорғау тарабы Реимов "заңсыз қамауда отыр" және оны "қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ" деп санайды.

14 қаңтарда Азаттық тілшісі Алматы қалалық полициясы мен "ДК-Инвестмент" компаниясына хабарласқанымен жауап ала алмады.

Адвокат Сәлімжан Мусиннің айтуынша, "желтоқсан айында Реимовті тергеу амалдары мүлде жүрмеген, бірақ соған қарамастан тергеу органдары оны тағы үш айға қамауды сұрайын деп отыр".

Желтоқсан айының басында кепіл қойып, бостандыққа шығып, қайта қамалған Реимов өзіне қозғалған қылмыстық істі "тапсырыс" деп атап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәселеге араласуын сұраған еді.

Былтыр көктемде Реимовтің үстінен "ақша жымқыру", "алаяқтық" фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

Forbes журналының бағалауынша, Дінмұхамед Ыдырысов Қазақстанда ықпалды және дәулетті 50 кәсіпкердің бірі саналады. Ол Реимов ісіне байланысты қандай да пікірін айтпаған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG