Accessibility links

Ақтөбеде полицияның есеп беру жиынында белсенділер қудаламауды талап етті


Ақтөбе полициясы басшыларының тұрғындармен кездесуіне жиналған халық. Ақтөбе, 14 қаңтар 2020 жыл.
Ақтөбе полициясы басшыларының тұрғындармен кездесуіне жиналған халық. Ақтөбе, 14 қаңтар 2020 жыл.

14 қаңтар күні ақтөбелік белсенділер облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстановтың тұрғындармен кездесуінде «полиция бізді заңсыз қудалауды тоқтатсын!» деп талап етті.

Полиция басшысының тұрғындармен кездесуіне келген он шақты белсендінің бірі Берік Ноғаевтың сөзінше, полиция қызметкерлері оны 2019 жылы 20 рет ұстап, төрт рет уақытша ұстау изоляторына қамаған.

- Изоляторда алғашында бір тәулік, кейін үш-бес тәуліктен болып шықтым. Әр кезде әртүрлі сылтау табады. «Жол ережесін бұздың», «көшеге қоқыс тастадың», «біреуді балағаттадың» деп талай рет негізсіз айыптады. Қудалау көріп жүрген жалғыз мен емес. Бүгін бір топ адам Атығай Арыстановтан заңсыз қудалау тоқтатылсын деп талап еттік, - дейді Берік Ноғаев.

Белсендінің сөзіне жауап берген Атығай Арыстанов оған "қабылдауға келіңіз, мәселені сол кезде шешеміз" деген. Қуғындалғаны туралы шағымданған белсенділердің барлығының аты-жөнін Арыстанов көмекшілері жазып алған.

Полиция басшысымен кездесуге барған тағы бір белсенді Әлібек Молдин «бүгін үйден шыққалы бері соңымнан бір көлік бақылап жүр» дейді. Полиция басшылары Молдинге «ол көліктің кімге тиесілі екенін білгіңіз келсе, арыз жазыңыз» деп кеңес берген.

- Белсенді экстремист емес! Полиция басшысына осыны айтуға келгенбіз. Ертең департаментке келіңіздер, сол жерде сөйлесеміз деп шығарып салды, - деді Әлібек Молдин Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл халыққа есеп беру форматында ұйымдастырылған жиын.

«Жиын барысында туындаған кей мәселелерге қатысты департамент басшысының жеке қабылдауы кезінде жауап беріледі. Өздерін «белсенділерміз» деп атайтын азаматтар Атығай Арыстановтың жеке қабылдауына жазылсын» деді полицияның баспасөз қызметі.

Қазақстанда қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікірлерін ашық айтып жүрген белсенділер "қуғындалдық" деп жиі шағымданады.

Қарай отырыңыз: Белсенділер полициядан атаулы күн алдында қудаламауды талап етті (6 желтоқсан 2019 жыл).

Белсенділер полициядан атаулы күн алдында қудаламауды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

​Желтоқсан айының ортасында Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді полициядан өздерін Тәуелсіздік күні немесе оның қарсаңында қудаламауды талап еткен. Ал "қуғындалдық" деген белсенділердің сөзімен келіспеген полиция өкілдері "оларды тергеуші талап етсе, бөлімшеге шақыратынын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG