Accessibility links

Министрлік Ақтөбе облысында құлаған зымыран бөлшегі туралы айтты


Ақтөбе облысы Ноғайты ауылында құлаған зымыран бөлшегі. 9 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі өткен аптада Ақтөбе облысы Байғанин ауданында құлаған темір бөлшекті "атмосфераның жоғары қабатын зерттеу үшін жіберілген геофизикалық зымыранның" қалдығы деп атады. Қазақстан мен Ресей мамандарынан құралған ортақ комиссиясының алдын ала қорытындысы осындай деп хабарлады министрлік 14 қаңтарда.

Бұған дейін кейбір ресейлік БАҚ Ақтөбе облысына "Искандер-М" жедел-тактикалық зымыран кешенінен ұшырылған зымыран бөлшегі құлады деп хабарлаған. Министрлік ресми сайтындағы мәлімдемеде "бұл ақпарат расталмады" деп жазады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, табылған зымыран бөлшектерінің экология мен тұрғындарға қаупі жоқ. Құлаған маңның радиация деңгейі, топырақ, қар үлгісі тексерілген.

9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған. Жергілікті әкімдік және төтенше жағдай департаменті сол күні және ертесінде бөлшектің құлағанын растағанмен оның қайдан келгенін түсініріп бере алмады. Әлеуметтік желіде тараған суреттерде темір бөлшектің құлағаннан кейін де жанып жатқаны көрінеді. Тұрғындардың кейбірі жарылысқа ұқсас дыбыс естіген.

Тұрғындар сөзіне сүйенген кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, темір бөлшектің құлағанын телефонына түсіріп алған тұрғындарды сол суреттер мен видеоларды өшіруге мәжбүрлеген. Қазақстандық интернет-порталдардың бірі "темір бөлшектің құлағаны" туралы ақпаратты өшіріп тастаған.

Қорғаныс министрлігі 11 қаңтарда зымыран Ресейдің қорғаныс министрлігінің жоспарлы жаттығуы кезінде ұшырылған деп мәлімдеді. Нақты қай полигоннан ұшырылғаны айтылмайды.

Оқи отырыңыз: Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында ресейлік зымыран бөлшегі құлағанын растады

Осыған ұқсас оқиға 2018 жылы шілде айында Батыс Қазақстан облысында болған. 4 шілдеде Қарасу және Жұлдыз ауылының ортасындағы далада аспаннан белгісіз объект құлаған. Объект құлаған маңда өрт болып, оны төтенше жағдай мамандары өшірген. Кейіннен жергілікті билік белгісіз заттың ресейлік зымыран бөлшегі екенін айтқан. Жергілікті экологтар бұл БҚО-ға жақын Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр сынақ алаңынан шыққан зымыран қалдығы деген. Мұндай оқиғалар Қазақстанның батыс өңірінде "сирек құбылыс" емес.

Оқи отырыңыз: Нью-Йорк қазақтары Қазақстандағы Ресей полигондарын жабуды талап етті

Қазақстанда Ресейдің үш әскери полигоны бар. Ресейдің қорғаныс министрлігі онда зениттік-зымыран кешендерін, зымыранға қарсы жүйе құралдары мен жедел-тактикалық зымырандарды сынақтан өткізеді. Бұған қоса, Ресейдің өз ішіндегі полигондардан ұшырылған зымырандарға шартты нысан ретінде пайдаланады.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG