Accessibility links

МАГАТЭ сарапшылары АЭС салып жатқан Беларуське барады


Островецте салынып жатқан атом электр станциясы.
Островецте салынып жатқан атом электр станциясы.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) ақпан айында Беларусьтің Островец қаласына барып, энергетика инфрақұрылымының атом электр станциясын іске қосу бойынша дайындығын тексереді. Беларусьтің энергетика министрі МАГАТЭ миссиясы 24 ақпанда жұмысын бастайтынын хабарлады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко 2008 жылы атом электр станциясын салу туралы құжатқа қол қойған. Лукашенко жаңа атом электр станциясы елді Ресейге деген энергетикалық тәуелділіктен құтқарады деп үміттенеді (Беларусь газдың 90 пайызын Ресейден алады). Алайда Островецтегі электр станциясын ресейлік компаниялар салып жатыр, қаржының жартысын Мәскеу құйып отыр. Болжам бойынша, АЭС құрылысына 5-тен 22 миллиард долларға дейін қаржы жұмсалмақ.

Бұған дейін құрылыс алаңында бірнеше "төтенше оқиға" болған. 2016 жылы шілде айында 330 тонналық реактр шанағын бекіту кезінде 2-4 метр биіктіктен құлап түскен. Екі аптадан астам уақыт өткеннен кейін ғана Беларусьтің энергетика министрі "төтенше жағдай" болғанын растады.

АЭС салынып жатқан Островецтен 50 километр ғана жерде тұрған Литва 2008 жылдан бері құрылыс жобасына алаңдап келеді. 2011 жылы Фукусимадағы апаттан кейін МАГАТЭ атом электр станциялары ірі елді мекендерден кемінде 100 шақырым алыс орналасуы керек деген талап қойған. Вильнюс Минск бұл шарттарды орындамай отыр деп санайды.

Оқи отырыңыз: Беларусь салып жатқан АЭС-тен Литва қауіптеніп отыр

Беларусь шенеуніктерінің айтуынша, алғашқы энергоблок - 2020 жылы, екіншісі - 2021 жылы іске қосылуы тиіс. Станция жылына 18 миллиард киловатт/сағ электр энергиясын өндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG