Accessibility links

Жаркентте "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Тәбәрікұлының соты өтіп жатыр


Тілек Тәбәрікұлы (оң жақта) және оның адвокат Абдулла Бақберген сотта отыр. Алматы облысы, 16 қаңтар 2020 жыл.
Тілек Тәбәрікұлы (оң жақта) және оның адвокат Абдулла Бақберген сотта отыр. Алматы облысы, 16 қаңтар 2020 жыл.

16 қаңтарда түстен кейін Алматы облысы Жаркент қаласының Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Шыңжаң қазағы 30 жастағы Тілек Тәбәрікұлының соты әрі қарай жалғасты. Оған Тәбәрікұлының туыстары, белсенділер жиналған. Істі судья Динара Құйқабаева жүргізіп жатыр.

Соттың басында адвокат Абдулла Бақберген Тәбәрікұлының ықтиярхатының көшірмесі, Қазақстан азаматтығын алу үшін жазған өтініші және тағы бірнеше құжатты іс материалдарына қосуды сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырды.

Бұдан соң прокурор Азамат Байсаров айыптау актісін оқыды.

Айыптау тарабының айтуынша, Тәбәрікұлы 2018 жылы мамыр айында Қорғас сауда орталығында болған кезде Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен.

"Сотқа дейінгі тергеуге сәйкес, Тілек Тәбәрікұлының мемлекеттік шекараны қасақана кесіп өтудегі мақсаты - Қазақстан азаматтығын алу болған, өйткені бұрын онда Қазақстанның ықтиярхаты болған" деді прокурор.

Айыптау тарабының айтуынша, Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсан айында Қытай жағына өтіп, құқық қорғау органдарына тіркелу мақсатында шетелге шығу құжатын өткізген. Бірақ Қытайдың құқық қорғау органдары оның құжаттарын белгісіз себеппен алып, қайтармаған.

Тәбәрікұлы мамыр айында 30 юань ақшаға рұқсат қағазын сатып алып Қорғас сауда аймағына кірген. Қазақстан шекарасының өткізу бекетіне дейін автобуспен жеткен. Қорғас өткізу бекетіне келіп, туристердің көп болуын күткен.

"Құжаттар тексеру кабинасының қасынан еңкейген күйі өтіп, өткізу бекетінің әкімшілік ғимараты алдына шыққанға дейін ол тексеру үшін ешкімге құжаттарын көрсетпеген. Ол кедендік рәсімдеу залы арқылы еш бөгетсіз өтіп кеткен. Қазақстан аумағындағы көлік тұрағына келіп, таксиге отырып, Алматыға жеткен" - деді прокурор.

Тілек Тәбәрікұлы айыппен келісетінін айтты.

Туыстары мен адвокаттың айтуынша, 1989 жылы Шыңжаңда туған Қытай азаматы Тілек Тәбәрікұлының үстінен Қазақстанның құқық қорғау органдары 2019 жылы тамыз айында қылмыстық іс қозғап, қазан айында ұстаған. Ол шамамен бір жарым-екі айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын "Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде" ұстаған.

"Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымы өкілдерінің айтуынша, егер Қазақстан Тілек Тәбәрікұлын Қытайға қайтарса, оның үстінен ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, себебі ол жақта "шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтар ауыр баптармен жазаланады".

Оқи отырыңыз: "Шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Тілек Тәбәрікұлының соты 16 қаңтарға қалдырылды

Тілек Тәбәрікұлы "Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот "шекара бұзды" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген" Ақанның қолында қазір "пана іздеуші куәлігі" бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Мұсаханұлы мен Әлімұлының соты басталады.

Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG