Accessibility links

Алматыда Алатау ауданының экс-әкімі жемқорлық күдігіне ілінді


Алатау ауданының әкімдігі. Алматы, 29 маусым 2018 жыл.

Алматыда жемқорлық жасады деп күдікке ілінген Алатау ауданының бұрынғы әкімі ұсталды деп хабарлады жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Бұрынғы әкіммен бірге аудан әкімінің орынбасары және мәдениет және тілді дамыту бөлімінің жетекшісі де күдікті танылған.

Бұрынғы әкім мен әкімнің орынбасары уақытша қамау изоляторына қамалған, ал бөлім жетекшісі тергеу органдарына ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Ол бостандықта жүр. Шенеуніктердің аты-жөндері айтылмайды.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, шенеуніктер 2019 жылы "2020 жылға дейінгі аймақты дамыту" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Әкімнің орынбасарына сонымен бірге мердігер ұйымға "қамқорлық көрсеткені үшін" пара алды деген айып тағылуы мүмкін.

2017 жылдың шілде айы мен 2020 жылдың қаңтар айы аралығында Алатау ауданын Шахмерден Рыспаев басқарған. Жұма, 17 қаңтарда аудан әкімі болып Азамат Қалдыбеков тағайындалды.

Алатау ауданы "Шаңырақ" оқиғасынан екі жыл өткен соң 2008 жылы құрылған. 2006 жылы маусым айында Алматы шетіндегі "Шаңырақ" елдімекенінде жұрт үйлерінің сүрілгеніне қарсы шыққан. Оқиға кезінде бір полицей қаза тапқан. Кейін билік Шаңырақ тұрғындарына үйлерін заңдастыруға рұқсат берген.

"Шаңырақ" оқиғасынан кейін ұзақ жылға сотталған Арон Атабек және Құрманғазы Өтегенов әлі қамауда отыр. Ал осы іс бойынша сотталған Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Құқық қорғаушылар Арон Атабекті "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Азаттық көрсеткен мүгедек ерлі-зайыптыға жұрт үй алып берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00
XS
SM
MD
LG