Accessibility links

Трамп адвокаттары президентке "үстірт" айыптар тағылғанын айтты


Сот төрағасы Джон Робертс. 16 қаңтар 2020 жыл.

20 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаттары президентке тағылған айыптауларға байланысты сенатқа ресми түрде жауап берді.

110 беттік құжатта адвокаттар өкілдер палатасының таққан айыптарын "үстірт" әрі "қауіпті" деп бағалаған. Адвокаттардың айтуынша, Трамптың заң бұзғанын дәлелдейтін айғақ жоқ және президент Украинамен қарым-қатынас жасаған кезде АҚШ мүддесіне сай әрекет еткен.

Екі күн бұрын өкілдер палатасы сенатқа мәлімдеме жолдаған. Олардың пікірінше, Трамп президент ретінде берген антын бұзып, АҚШ-тың өз ішіндегі саяси күресте шетелдің көмегін пайдалануға тырысқан.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты "қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.

16 қаңтарда АҚШ конгресінің сенатында президент Дональд Трампқа импичмент жариялау ісі аясында президентке тағылған айыптар ресми түрде таныстырылды. Жоғарғы сот төрағасы Джон Робертс сот процесіне төрағалық етеді. Трампқа билікті асыра пайдаланды және конгрестің жұмысына кедергі келтірді деген айып тағылған. Бұл іс бойынша сенаторлар сот алқасы рөлін атқарады. Конгресмендер айыптаушы тарап ретінде сөйлейді.

21 қаңтарда сенаторлар процесті өткізу тәртібін мақұлдауы тиіс. Айыптау мен қорғау тарабына аргументтерін таныстыруға екі күннен беріледі. Сосын сенаторлар қосымша куәларды тарту мәселесін шешпек. Трамп адвокаттары іске жаңа куәлар тартуға қарсы. Ал демократтар сенат тыңдауына Трамптың көмекшілерін шақырғысы келеді. Олардың арасында президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Джон Болтон да бар. Егер сенаторлар жаңа куәларды шақырса, сот процесі созылуы мүмкін.

Сенатта республикашылдар көпшілік болып отыр. Республикашылдардың ешқайсысы бұған дейін конгресс таққан айыптарды қолдамаған. Сарапшылар Трамптың ақталатынына сенімді.

Видео: АҚШ-та президентке импичмент қалай жарияланады?

АҚШ-та президентке импичмент қалай жарияланады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG