Accessibility links

Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотына барған белсенділер "полицияға бағынбады" деп жазаланды


Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының сотына келгендер. Зайсан қаласы, 21 қаңтар 2019 жыл. Сурет авторы - Ырысбек Тоқтасын.

21 қаңтарда Зайсанда өткен Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының («қазақ-қытай шекарасын бұзды» деп істі болған) сотына барған оннан астам белсенді кері қайтып бара жатқанда полиция мен арнайы жасақ ұстап, түнделетіп Зайсан аудандық полиция басқармасына жеткізді. Сол жерде олардың үстінен «полицияға бағынбады» деген айыппен әкімшілік сот өткен. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің өздері хабарлады.

Белсенділер таратқан видеода полицейлердің бірі «олардың Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотында полиция өкілдерін балағаттағаны үшін, бағынбағаны үшін ұсталғанын» айтады.

Белсенді Ерлан Файзуллаевтың сөзінше, полиция Нұр-Сұлтаннан, Шымкенттен, Жамбыл облысынан, Өскеменнен барған 12 белсендіні Зайсаннан шыға берісте ұстап, Зайсан аудандық полиция басқармасына жеткізген. Сол жерде олардың үстінен Әкімшілік кодекстің 443-бабы (Полицияға бағынбау) бойынша сот өтіп, белсенді Бағдат Құрмантайды 36 сағатқа қамап, он шақты белсендіге 5-10 айлық есептік көрсеткіш (13500-26000 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Кешке өткен отырысқа адвокат жіберілмеген.

Судья Бағдат Құрмантайды «Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотында полицейлерді балағаттап, сот залында ысқырғаны үшін» қамағаны хабарланды. Айыппұл алғандардың қатарында Ерлан Файзуллаев, Серік Асқаров, Ерлан Есхожин, Нұржан Мұхаммедов, Руслан Нұрханов, Ермек Байғулин, Марат Қасымбеков есімді белсенділер бар.

Зайсан аудандық полиция басқармасы бұл жайтқа қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

21 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотында «қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының (екеуі «Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын» айтады) сотының үкімі оқылған. Сот екеуін бір жылға соттап, Қазақстанда қалдырған.

Осы сот отырысына Қазақстанның бірнеше қаласынан ондаған белсенді барған. Олардың көбі сот залына сыймай қалған. Сот басталмай тұрып, кейбір белсенділердің полицейлерді балағаттағаны байқалады.

Судья үкім оқып жатқанда белсенділер сыртта Мұсаханұлы мен Әлімұлын қамаудан босатуды талап етіп, «Бостандық!» деп айғайлаған.

Видео: Сот үкімі қалай шықты?

"Шыңжаңнан қашқан" Әлімұлы мен Мұсаханұлы Қытайға қайтарылмайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG