Accessibility links

АҚШ-та бір адамға Қытайда тараған вирус жұқты


Ухань қаласындағы аурухана. Қытай, 18 қаңтар, 2020 жыл.
Ухань қаласындағы аурухана. Қытай, 18 қаңтар, 2020 жыл.

АҚШ-та бір адамның белгісіз вирусты жұқтырғаны анықталды. Бұл - АҚШ-та тіркелген бірінші оқиға. Науқас өткен аптада Қытайдан Сиэтлге ұшып келген. Дәрігерлер оның пневмонияға шалдыққанын айтып отыр. Арнайы сынақ ауруға шалдығуға жаңа короновирус себепші болғанын дәлелдеді.

Американың ауруды бақылау және профилактика орталығы жақын арада осыған ұқсас оқиғалар қайталануы мүмкін екенін ескертті. 18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анжелес және Нью-Йорк қалаларының әуежайлары Қытай орталығынан келетін әуе рейстерінің жолаушыларын тексеруді бастады.

Ресми дерек бойынша, Қытайда белгісіз вирустан алты адам көз жұмған. Белгісіз дертке шалдыққандар саны 300-ге жеткен. Қытайда осы аурудан қайтыс болғандар мен науқастардың туыстары мен халықаралық сарапшы дәрігерлер сөзіне сүйенген The Guardian басылымы белгісіз вирустан зардап шеккендер саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды.

Вирустың қандай жолмен жұғатыны әзірге анықталмаған. Сарапшылардың сөзінше, вирус адамға жануарлардан жұғуы мүмкін, адамнан адамға жұғу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. 19 қаңтарға дейін Ухань қаласында 198 адам ауырып, үш адам өлген. Тайландта бір, Жапонияда бір адамның вирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарады.

Әдетте короновирус пневмонияны қоздырады. Ауруды жеңілдететін әдістер болғанмен вирустың көзін жоятын амал табылған жоқ. Бұған дейін бұл дертке шалдыққан ондаған адам аурудан айығып, ауруханадан шыққан.

22 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралу мәселесін талқылайды.

Оқи отырыңыз: Қытай 140 адамның белгісіз вирус жұқтырғанын хабарлады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG