Accessibility links

Қостанайда екі белсенді "тыйым салынған ұйым жұмысына араласқаны" үшін сотталды


21 қаңтарда №2 Қостанай қалалық соты жергілкті екі белсенді Асқар Ибраев пен Медет Есенеевті "заңмен тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеді. Үкімге сай, жазаға тартылған белсенділер әрқайсысы 25 мың теңге айыппұл төлеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс.

Олардың адвокаты Константин Геращенконың Азаттыққа айтуынша, Асқар Ибраев пен Медет Есенеевті тоғыз қабатты үйге "Жәкішевке бостандық!" (Мұхтар Жәкішев - жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталған "Қазатомпром" ұлттық компаниясының экс-төрағасы) деген баннер іліп және бірнеше үйдің қабырғаларын "Алға, ҚДТ!" деген жазулармен бояғаны үшін айыптаған.

- Үшінші Маминов есімді айыпталушы сотта айыбын мойындап, тергеу тобымен жұмыс істегені үшін жазадан босатылды. Сотта Мамин және 6 метрлік баннерді қабырғадан алып тастаған жергілікті әкімдіктің жүргізушісі куәлік етті. Олардың ешбірі Ибраев пен Есенеевті оқиға орынан көрмеген, - дейді адвокат.

Константин Геращенко соттың істі екі күн ішінде жылдам қарап шыққанын және сот үкімінің әлі күшіне енбегенін, қорғауындағы белсенділердің айыпты мойындамағанын айтты. Ол сот үкімі қолға тиген соң апелляциялық арыз беретіндерін де хабарлады.

2017 жылы сәуірде қуғындағы банкир, шетелде тұрып жатқан оппозиционер Мұхтар Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қайта құрылғанын жариялаған еді.

2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салған. Бірақ Әблязовтың өзі ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді. Былтыр наурызда Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG