Accessibility links

Жаңаөзен қаласында жұмыс талап еткендер әкімдікке тағы барды


Жаңаөзенде жұмыс талап еткендер жұмыспен қамту бөлімінде жүр. 22 қаңтар 2020 жыл.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы тұрғындары бірнеше күннен бері әкімдік пен қаладағы жұмыспен қамту бөлімі кеңсесіне барып, биліктен мұнай саласынан жалақысы жақсы жұмыс талап етіп жүр. Тұрғындар әкімдікке бүгін, 22 қаңтарда да барған.

Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзен тұрғындары хабарлады. Әкімдікке барған тұрғын Рима Құлтынбаеваның сөзінше, жұмыссыз жастарға жалғыз басты және көп балалы әйелдер де қосылған.

- Әкімдік жұмыспен қамту бөлімінің қабырғаларына әлдебір тізімдерді іліп қойды. Бірақ ол бойынша әлі ешкімді жұмысқа шақырған жоқ, тіпті қоғамдық жұмыстарға да [шақырмады]. Біздің жағдайымыз нашар. Шамасы бұл тізім біздің аптығымызды басу үшін жасалған, - дейді ол.

Құлтынбаеваның сөзін Маржан Тұяқова, Айымгүл Абылханова есімді қала тұрғындары да растады.

Ал белсенді Нұрсұлтан Нұрымов дүйсенбіден бері жиналған жұмыссыз жастардың жергілікті билік пен полиция өкілдері тарапынан қысымға алынғанын айтады.

- Полиция «заңға қайшы митинг» жасап тұрсыңдар деп ескерткендіктен, қол жинап ресми түрде митингіге рұқсат сұрауға арыз дайындап жатырмын, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа қоңырау шалғанымен, жауап болмады. Ал оның орынбасары Ғалым Байжановтың хатшысы оның Ақтауда жиналыста екенін айтты.

Жаңаөзен қаласының жүзден астам тұрғыны 20 қаңтарда әкімдікке барып, биліктен мұнай саласындағы кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа тұрғызуды талап еткен еді. Қала әкімі Мақсат Ибағаров Азаттыққа «тізім жасап мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға, сервистік мекемелерге орналастыратынын, бірақ мұнай саласында орын жоқ» екенін айтқан еді.

Бірақ жұмыссыз қала тұрғындары бұл уәжбен келіспейді. Олардың сөзінше, әкім айтқан тізім 2016 жылдан бері жасалып келеді, бірақ нақты шешім жоқ.

Жаңаөзенде 2019 жылы да жастар биліктен жалақысы жақсы жұмыс тарап еліп, наразылық білдірген еді. Наразылық білдіргендердің жетекшілерінің бірі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында бес жылға сотталған. Оның үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Елшібаев пен оның жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.

Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен қаласында, жанындағы Теңге және Қызылсай ауылдары тұрғындарын қоса алғанда, 151 мыңға жуық адам тұрады. Қалада "ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорыны "Өзенмұнайгаз" кәсіпорыны бар.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG