Accessibility links

Полиция "Қазақмыстағы" жанжалды тергеуді бастады


"Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығының кәсіподақ төрағасы Тоғызбай Тәжбенов. Фотоны Берік Жағыпаров жіберген.

Полиция 21 қаңтарда "Қазақмыс корпорациясы" компаниясының Жезқазғандағы кеңсесінде болған жанжалды тергеуді бастады. Жанжалдан бір адам қаза тауып, өзге екеуі ауруханаға түскені хабарланған. Қарағанды облысы Полиция департаменті Азаттыққа 22 қаңтарда істі қандай да бір баппен емес, болған оқиға бойынша зерттеп жатқанын айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Азаттық тілшісінің жараланған қызметкерлер жағдайы туралы сұрағына жауап бермеді. Тек жапа шеккендер «Қазақмыс корпорациясының» медицина орталығында емделіп жатқанын айтты.

"Қазақмыс корпорациясы" Жезқазғандағы кеңсесінде болған кикілжің жайлы әзір пікір білдірген жоқ. Азаттық тілшісі 22 қаңтар таңертең компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, жараланғандардың жағдайын сұраған. Бірақ баспасөз хабарламасы басшылықтың қарауынан кейін ғана журналистерге ақпарат берілетінін айтты. Бірақ жаңалық жарияланғанға дейін компаниядан ешқандай ақпарат түскен жоқ.

21 қаңтарда "Қазақмыс корпорациясының" Жезқазған қаласында орналасқан кеңсесінде жанжал болған. Полицияның хабарлауынша, жанжалдасқандардың бірі "өзіне қол салып", тағы екі адам пышақ жарақатымен ауруханаға жатқызылған. Аймақтық полиция департаментінің дерегінше, компания директорының кабинетінде жанжал туған.

"Қазақмыс корпорациясы" кәсіподақ төрағасы [Тоғызбай] Тәжбенов кикілжің барысында [тау-кен байыту комбинатының директоры Амангелді] Мініғұловтың арқасына пышақ салған. Араша түсуге тырысқан компания қызметкері [Сабыржан] Тембаевтың кеуде тұсын пышақ тиген. Куәгерлердің айтуынша, кейін Тәжбенов өз кеудесіне пышақ сұғып, сол жерде жан тапсырған. Мініғұлов пен Тембаев ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр» деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тоғызбай Тәжбеновті танитын Жезқазған тұрғындары оның тіл табысқыш адам болғанын айтады. Бұрын шахтер болып жұмыс істеген Тәжбенов еңбек жолының көбін "Қазақмысқа" арнаған, компанияның әлеуметтік бөлімін басқарған. 2018 жылы "Қазақмыс корпорациясы" кәсіподақ төрағасы болып тағайындалған.

- Барлық кәсіподақ шошып қалды. Ол жайдары адам еді, Сәтбаев қаласының мәслихат депутаты болды. Біз әртүрлі кәсіподақта, алуан пікірде болғанымызбен, қарым-қатынасымыз жақсы еді. Корпорациядағы мүгедектер мәселесі бойынша бірнеше рет дау болған. Сол кезде ол жұмыс берушілер мүддесін қорғаған. Мұның бәрі лауазымға тағайындаудан шығады. Бір апта бұрын оны орнынан алып, басқа адамды қояды деген әңгіме болған. Негізінде кәсіподақ төрағасын жұмысшылар таңдауы керек. Солай болса, қақтығыс та болмас еді. Шамасы кикілжің себебі - осы. Бұл кәсіподақ тәуелсіз болмады. Ол өзіне қол салды дегенге сену қиын. Күмәнім бар, - дейді Жезқазғандағы "Аманат" кәсіподағының жетекшісі Берік Жағыпаров.

Полиция жанжалдың себебін атаған жоқ.

"Қазақмыс корпорациясы" - Қазақстанда мыс өндіретін ең ірі кәсіпорын. Мыстан өзге алтын, күміс, қорғасын шығарады. "Қазақмыс корпорациясы" серіктестігі - 2014 жылы "Қазақмыс" компаниялар тобы екі компания ретінде қайта жасақталғанда құрылған. Оның бірі - акциясы Лондон биржасында саудаланатын KAZ Minerals PLC компаниясы.

"Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығы құрамына "Жезказғанцветмет", "Балқашцветмет", "Қарағандыцветмет" және бірнеше байыту фабрикасы кіреді.

Қауымдастық мыс, алтын, күміс және қорғасын өндіреді. "Қазақмысқа" Forbes тізіміндегі қазақстандық Владимир Ким иелік етеді. Америкалық журнал оның байлығын 4,6 миллиард доллар деп есептеген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Маскасыз қоғамдық орында шулап, басқа адамдарға қауіп төндірмеңіз"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:25 0:00
XS
SM
MD
LG