Accessibility links

Тоқаевтың шығуын талап еткен әйелдер қысымға шағымданады, кейбіріне айыппұл салынған


Әкімдік өкілдері әйелдердің сұрақтарына жауап беріп жатыр. 23 қаңтар 2020 жыл.
Әкімдік өкілдері әйелдердің сұрақтарына жауап беріп жатыр. 23 қаңтар 2020 жыл.

Осыдан екі күн бұрын Нұр-Сұлтанда "Астана Опера" театрының алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап еткен әйелдер қысымға шағымданады, олардың кейбірі әкімшілік жазаға тартылған. Бұл ақпаратты 23 қаңтарда әкімдік өкілдерімен кездесу үшін "Жанұя" орталығына келген әйелдер айтты. Бұл кездесуде әкімдік қызметкерлерімен қатар Нұр-Сұлтан қалалық полиция өкілдері де болды.

Наразылыққа қатысқан төрт баланың анасы Гүлжазира Базарбаеваның айтуынша, кеше кешкісін (22 қаңтар) полициядан хабарласып, оның тұрақты мекенжайы бойынша тұрмайтынын айтып, бірнеше сұрақ қойған.

- "Сіз сол жерге барыпсыз. Сол үшін әкімдіктен ісіңізді бізге берді. Келіп, қол қойып кетіңіз" деді. Мен төрт баламды қарайтын ешкім жоқ екенін айттым...Менің бір танысым бізге жаны ашып, тұрақты мекенжайға тіркелуге рұқсат берген. Сол кісіге айыппұл салып кетті, - деді Гүлжазира Базарбаева.

Гүлім Аманбаева есімді әйел сол наразылықтан кейін "өзінің қылмыскер" атанып, жұмыстан шығып қалғанын айтып, наразы болды. "Аналарға тиіскенше неге полиция қылмыскерлерді ұстамайды?" деді ашынған әйел. Осыны айтқан кезде отырған әйелдердің бәрі ашуланып, айқайлады.

Жиын кезінде көп балалы аналардың бірі Данагүл Каткеноваға 37 500 теңге көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.

- Кеше (22 қаңтар) кешке 19:30-да үйге полиция келіп, мені Алматы аудандық полиция басқармасына алып кетті. Ол жаққа барған кезде көшпелі сот өтіп жатқанын көрдім. Маған 37 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Мені "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптады. Біз тек өз мәселелерімізді Тоқаевқа жеткізгіміз келген, - деді Данагүл Каткенова Азаттық тілшісіне.

Әйелдердің сұрақтарына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басқарма бастығы Госман Жакин "заңсыз митинг өтті, соған байланысты ішкі істер органдары заңға сәйкес шара қолданды" деді. Ол шағымдарын айтқан әйелдерді өздеріне хабарласқан адамдардың нақты аты-жөндерін айтпай, "дерексіз ақпарат айтып отыр" деді.

Жакин "митингіні заң бойынша өткізу керек" деген кезде әйелдер "заңды түрде митинг өткізуге рұқсат бермейсіңдер, былай шықсақ жазалайсыңдар" деп шулады.

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-ге таман жиын аяқталып, полиция өкілдерінің сөзіне көңілі толмаған әйелдер үйлеріне кетті.

21 қаңтарда Нұр-Сұлтанда "Астана Опера" театрының алдына 40-50 шақты әйел жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар биліктен баспана мәселесін шешіп беруді сұрайтынын айтқан. Дәл сол уақытта "Астана Опера" театрында Абайдың 175 жылдығының ашылуы өтіп жатқан еді. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Аналардың талабын Тоқаевтың естігені-естімегені белгісіз. Театрдан ешкім шықпады. Ал президенттің шығуын талап еткен аналарды театр ғимаратының сыртында арнайы жасақ сарбаздары бөгеп, әрі қарай өткізген жоқ.

Видео: Назарбаев пен Тоқаев қатысқан жиынның сыртында әйелдер наразылық білдірді (21 қаңтар 2020 жыл).

Назарбаев пен Тоқаев қатысқан жиынның сыртында әйелдер наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG