Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мүгедектігі бар адамдар әкімдікке талап қойды


Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі әлеуметтік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келген мүгедектігі бар адамдар. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.

24 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өздігінен қозғала алмайтын және көзі көрмейтін мүгедектігі бар бір топ адам қала әкімдігінің әлеуметтік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жиналды. Олар үкіметтен мүгедектерді ертіп жүруге бөлінетін ақшаның ортадағы делдал арқылы берілуіне наразы. "Қоғамға араласқымыз келеді" деген азаматтар өздерімен тікелей келісім-шарт жасауды талап етті.

Мүгедектердің сөзіне қарағанда, оларды ертіп жүру үшін бөлінген қаражат әр мүгедекке әр түрлі мөлшерде бөлінеді: біріне - 8 сағат, енді біріне - 6 сағат. Ал мереке күндері әлеуметтік қорғау бөлімі демалатындықтан ешқандай қызмет көрсетілмейтінін, жұрт мерекелеп, демалып жатқанда өздерінің үйде отыруға мәжбүр екенін айтады. Мұны "дискриминация, құқықтың тапталуы" деп санайтын зағиптар мен қоларбамен жүретіндер былтыр желтоқсан айында қалалық әкімдікке арыз тапсырып, тікелей келісім-шарт жасауды сұраған.

Мүгедектер белсендісі Жасұлан Сүлейменов ол арыздарына әлі күнге дейін нақты жауап берілмей, қалалық әлеуметтік қолдау басқармасы "сөзбұйдаға салып отыр" дейді.

- Әбден шаршадық. Бірдеме істеу керек болса - біз керек болып қаламыз, концерт қою керек болса - керекпіз. Ал ақшамызды алып, өздері бөліп жейді. Біз неге олар құсап курортқа шетелге бармаймыз? - дейді 74 жастағы зағип Рәзия Досаева.

Оның сөзін қоштаған зағип Әркен Исмаилов әлеуметтік қолдау басқармасы шенеуніктері "өздерін ертіп жүретін адамға төленген ақшаны тексеріп, бақылау жасайтындарын айтып, қоқан-лоқы жасады" дейді.

- Біз "сендерге жәй беріп жатырмыз", "сендерді аңдимыз" дейді. Біздің құқығымызды бұзып отыр, төмендетіп отыр. Не үшін аңдиды? Біз қылмыскерміз бе? - дейді ол.

Әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлері жиналған азаматтардың сұрақтарына жауап бермеді. Басқарма басшысы Сәуле Нұрғожина жұмыс орнында жоқ болды. Журналистердің өтінішінен кейін келген бөлім басшысы Илья Скуб әр мүгедекті ертіп жүретін адамға сағатына 358 теңге төленетінін айтып, басқа ақпарат бермеді. Ал заң бөлімінің қызметкері Мөлдір Шолатова келесі аптадан бастап тікелей келісім-шарт жасайтындарын айтты. Бұдан соң шағымданған азаматтар үйлеріне тарасты.

Қала әкімдігі мәліметінше, Нұр-Сұлтанда 25 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелген.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Covid-19 дертінен айыққан Елдостың әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:48 0:00
XS
SM
MD
LG