Accessibility links

Наразы ақтөбелік жүргізушілер: "Президент халықты мүлдем естімей отыр"


Билік өкілдерімен кездесуге келген наразы жүргізушілер. Ақтөбе, 26 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік көліктерді уақытша тіркеу туралы айтқаны ақтөбелік жүргізушілердің наразылығын туғызды. Шетелдік көлік иелері 26 қаңтар күні Ақтөбедегі драма театрының ғимаратына жиналып, қоғамдық тыңдау өткізуді талап етті. Олар «президент халықты мүлдем естімей отыр» деп санайды.

- Тоқаевтың сөзінше, біз көлігімізді техникалық регламент талаптарына сай етіп, бір жыл аралығында уақытша тіркетуіміз керек екен. Ал техникалық регламент талабы күшті. Ол үшін көлігіміз Еуро-5 экология стандартына сай болуы керек. Қазақстанда шетелдік нөмірмен жүрген көліктің 95 пайызы ескі әрі арзан - Еуро-5 стандартына мүлдем сай емес. Демек, уақытша тіркелген күннің өзінде ескі көлік құжаты бір жылға ғана жарамды болады. Қазақстандық нөмір алу үшін бір жылдан кейін бәрібір қыруар қаржы төлеуіміз керек, - дейді Мақсат Балғазин.

Оразғали Дарбаев. Ақтөбе, 26 қаңтар 2020 жыл.
Оразғали Дарбаев. Ақтөбе, 26 қаңтар 2020 жыл.

Ақтөбе облыстық драма театрындағы кездесуде кеден саласының өкілі Оразғали Дарбаев көлік иелеріне тіркеудің жай-жапсарын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Қазақстанда шетелден әкелген көлікті есепке қоюдың бірнеше шарты бар: біріншісі, кеден баж салығы - ол аса қымбат емес. Екінші мәселе - бастапқы тіркеу.

Ақтөбе қалалық салық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбеновтің сөзінше, зауыттан шыққанына үш жыл болған көліктер бастапқы тіркеуге - 50 айлық есептік көрсеткіш (125 мың теңге), үш жылдан асқан көліктер - 500 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 250 мың теңге) көлемінде төлейді. Бұл төлем - қозғалтқыштың күшіне емес, жылына байланысты белгіленеді.

Үшіншісі - утилизация алымы. Қазақстанның Экология кодекс талаптарына сай, бұл алым 2,5-3 миллион теңгеден бастап, өсе береді. Шетелдік көлік иелерінің ауырсынып отырғаны да осы - бастапқы тіркеу ақысы мен утилизация алымы.

Автокөлік иелерінің айтуынша, Арменияда 1,5 млн теңгеге сатып алған көліктерін заңдастыруға ең кемі 4 млн теңге қажет. Сондықтан ақтөбеліктер шетелден алған көліктерін заңдастыру кезінде мемлекеттің жеңілдік жасауын талап етіп отыр.

Ақтөбе билігіне сұрақ қойып жатқан жүргізушілер. 26 қаңтар 2020 жыл.
Ақтөбе билігіне сұрақ қойып жатқан жүргізушілер. 26 қаңтар 2020 жыл.

- Президенттің үкімет отырысында айтқандарымен келісе алмаймын. Бұл - шығарып салма сөз. Мәселені бұлайша кейінге ысырып тастауға болмайды. Өйткені, бұл - 200 мың отбасының ұйқысын бұзған мәселе. Олар бөтен емес, бәрі де Қазақстан азаматтары.Сондықтан президент пен үкімет бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Еуразия экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде тіркеліп, Қазақстан аумағында жүрген көліктерге легализация жасалсын, - дейді ұлының Армениядан әкелінген көлігіне қажет қаржыны «үш жыл бойы жинаған» Елшібек Тельманұлы.

Ақтөбе драма театрындағы жиында Еуразия экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде тіркеліп, Қазақстан аумағында жүрген көлік иелерін сабырға шақырған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин «Бұл мәселе біздің деңгейімізде шешілмейді. Нақты ұсыныс айтыңыздар. Оны Нұр-Сұлтанға жолдайық» деді.

Жиын соңында автокөлік иелері арнайы жұмыс тобын құратын болып келісті. Құрамына көлік иелері, жергілікті мәслихат депутаттары мен салық, кеден саласы, әкімдік өкілдері кіретін бұл топ Қазақстан үкіметіне мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсынып көрмек. Жұмыс тобы құрамындағы белсенділердің бірі Мақсат Балғазин «бұл тек үкімет пен президент шеше салатын шаруа емес, шетелдік көліктерге қатысты шешім қоғамдық тыңдаудан соң ғана қабылдансын» дейді.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік жүргізушілер бір жыл ішінде шығыны көп көліктерді тіркеп үлгермейтінін айтады

24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG