Accessibility links

Қазақстан Қытай азаматтарына виза беруді шектеді


Дәрігерлер тұрғындардың бірін ауруханаға әкеле жатыр. Ухань, 28 қаңтар 2020 жыл.
Дәрігерлер тұрғындардың бірін ауруханаға әкеле жатыр. Ухань, 28 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстан Қытайда тараған коронавирусқа байланысты осы елдің азаматтарына виза беруді шектеді. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Шухрат Нұрышев хабарлады.

Қазақстан үкіметі Қытай азаматтарына берілетін 72 сағаттық транзит визасын уақытша тоқтатты. Бұдан бөлек, Қытай азаматтарына әуежайда электронды виза әзірлеу процесі де уақытша доғарылды. Ал Қытай азаматтары Қазақстанға елшілік я консулдық арқылы виза әзірлегісі келсе денсаулық жағдайы жайлы анықтама өткізуі тиіс.

Нұрышевтың сөзінше, Нұр-Сұлтан Пекиннен вирус ошағы Уханьдағы қазақстандық 98 студентті алып шығуға рұқсат сұраған. Вице-министр Қазақстан Қытайда жүрген азаматтарының елге келуіне кедергі келтірмес үшін шекараны жаппайтынын айтады.

Нұрышевтің айтуынша, қазір Қытайда Қазақстанның 1300 азаматы жүр. Олардың жартысы – Хайнань аралында демалуға барған туристер.

28 қаңтарда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин баспасөз мәслихатында Қазақстанға Қытайдан келген бес адам жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) күдігімен ауруханаға түскенін хабарлады.

«Таңертең төрт адам ауруханаға жеткізілді. Алматыда екі адам үйіне қайтты. Қазір ғана Алматыда бір адамның ауруханаға жатқызылғаны жайлы хабар жетті. Ақмола облысында да бір отбасы ауруханаға жеткізілді. Олар да Қытайда болған. Барлығы жедел респираторлық вирустық инфекция күдігімен ауруханаға түсті» деді Бекшин.

Оның сөзінше. Ақмола облысында ауруханаға жатқызылған отбасының екі баласының қызуы көтерілген.

«Ересектерінде жағдайы жақсы. Бірақ олар балалармен бірге болғандықтан ауруханаға жатқызылды» деді Бекшин.

Қытай билігі 23 қаңтардан бастап коронавирус тараған Ухань қаласындағы қоғамдық орындарды, әуежайды, вокзалды жауып, карантин жариялаған.

Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны соңғы деректер бойынша 106 адамға жетіп, 1291 адамның жұқтырғаны анықталды. Әлем елдерінің біразы халқын Қытайға барудан тартына тұруға шақырып жатыр.

Коронавирусты жұқтырған адамдар Германия, Шри-Ланка,Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралияда кезіккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG