Accessibility links

Ақтөбе соты үш тұрғынды "Сирияға адам тартты" деп соттады


28 қаңтар күні Ақтөбе қалалық соты терроризм айыбы тағылған Ерсайын Құлынтай, Бағдад Бисембаев пен Әділжан Дәулетовтің әрқайсын жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Тергеу материалдарына қарағанда, 2019 жылғы наурыз айында Ерсайын Құлынтай (1992 жылы туған), Бағдад Бисембаев (1973) пен Әділжан Дәулетов (1993) Ақтөбедегі моншалардың бірінде терроризмді насихаттап, Сирияға баруға үгіттеген.

Тергеу материалдарында айыпталушылардың бірі Бағдад Бисембаевтың Сирияға бару үшін арнайы маршрут сызып, шекарадан өтер кезде күштік құрылымдардың қолына түскендігі туралы да айтылады. Ал Әділжан Дәулетовті тергеу бес түп қарасораны (конопля) кептіріп, сақтады деп те айыптаған.

14 қаңтар күнгі сот процесінде Ерсайын Құлынтай өзіне тағылған терроризм айыбын мойындап, прокуратурамен процессуалдық келісім жасауға дайын екенін айтқан. Ал Бағдад Бисембаев пен Әділжан Дәулетов 2019 жылғы желтоқсан айында өздеріне тағылған айыпты мойындап, прокуратурамен процессуалдық келісім жасауға өтініш берген. Бірақ прокуратура сотталушылармен келісімге келуден бас тартты.

Сот үкіміне сай, Бағдад Бисембаев пен Әділжан Дәулетов жазасын қауіпсіздігі орташа, ал Ерсайын Құлынтай қауіпсіздігі күшейтілген түрмеде өтейді.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушылардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG