Accessibility links

Шалқардағы оқиғадан соң 9-сынып оқушысы үйқамаққа алынды


Шалқар қаласының теміржол торабы. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Шалқар қаласының теміржол торабы. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Шалқардағы оқиғаға байланысты 9-сынып оқушысы үйқамаққа алынды деп хабарлады 29 қаңтарда Ақтөбе облыстық полиция департаменті. 27 қаңтарда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының орталығы Шалқар қаласында жоғары сынып оқушылары төбелесіп, 9-сынып оқушысы Еркебұлан Дәрібаев жарақаттанып, ауыр хәлде ауруханаға түскен.

Полиция "Адам өлтіруге оқталу" (99-бап) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Сейсенбі күні төбелестен кейін алты оқушының тергеуге алынғаны хабарланған еді.

Жоғары сынып оқушыларымен жиналыс өткізіп жатқан полиция өкілдері. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, 28 қаңтар 2020 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің суреті.
Жоғары сынып оқушыларымен жиналыс өткізіп жатқан полиция өкілдері. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, 28 қаңтар 2020 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің суреті.

Шалқар қаласы тұрғындарының хабарлауынша, 28 қаңтарда аудан орталығындағы №8 мектепте ата-аналар мен жоғарғы сынып оқушылары үшін жиналыс өткен. Оған Ақтөбе облыстық полиция департаменті төрағасының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов қатысып, "жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесінде отбасының міндеті туралы" айтқан. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті де растады.

Сейсенбі күні іш құрылысы қатты зақымданған 2004 жылғы Еркебұлан Дәрібаевқа Ақтөбе қаласының дәрігерлері санавиациямен барып, операция жасаған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, пышақ жарақатын алған жасөспірім 29 қаңтарда санавиациямен облыс орталығына жеткізіледі.

"Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр, гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты" деді басқарма өкілдері.

Осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылы 28 қаңтарда Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы мұз айдынында пышақталып қаза тапқан жасөспірім, Ыдырыс Үргенішбаев атындағы орта мектеп оқуышысы Мирасбек Дәулетияр жерленген еді. Осы оқиға кезінде жергілікті білім бөлімінің мамандары Шалқар мектептері оқушыларының арасында ықшам аудандарға қарай топтасып, жанжалдасатын сәттер жиі кездесетінін айтқан.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде оқушы өліміне қатысты колледж студенті күдікке ілінді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG