Accessibility links

Қазақстанда 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада жатыр


Динагүл Баешева, қазақстандық инфекционист, Нұр-Сұлтандағы брифингте сөйлеп тұр. 31 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстанда 31 қаңтардағы есеп бойынша, 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада жатыр. Бұл туралы 31 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте қазақстандық инфекционист Динагүл Баешева хабарлады.

- 31 қаңтардағы дерек бойынша, 66 адам қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) шағымымен ауруханаға жатқызылды. Кейін 25 адам ауруханадан шығарылды. Қазір 41 адам ауруханада. Пациенттерден анализ алып, Алматыдағы аса қауіпті инфекцияларды тексеретін ұлттық ғылыми орталыққа тексеруге жіберіп жатырмыз. Алматыдағы орталық ПЦР тәсілімен коронавирусты анықтай алады, - деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми түрде тіркелмеген.

Қытай билігінің 31 қаңтардағы дерегі бойынша, коронавирустан қаза болғандар саны 213 адамға жетті. Ресми Пекин елде 9692 адам вирус жұқтырғанын, 102 мың адам вирус жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынғанын хабарлады.

30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады.

31 қаңтардағы дерек бойынша, Уханьнан тараған вирус әлемнің 20 елінде – Жапония, Таиланд, Сингапур, Австралия, Малайзия, Корея, Франция, Германия, АҚШ, Вьетнам, БАӘ, Канада, Италия, Ұлыбритания, Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Филиппин, Камбоджа, Финляндияда – тіркелді.

Желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарынан белгісіз вирус тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні "Медициналық вирусология" журналында зерттеу жариялаған ғалымдар "вирустың жыланнан тарағанын" жазды. Кейбір ғалымдар вирустың жарқанаттан тараған деген тұжырым айтады.

Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG