Accessibility links

Шымкент белсенділері Қытаймен шекараны жабуды талап етті


Қытаймен шекараны талап еткен белсенділер әкімдікте тұр. Шымкент, 31 қаңтар 2020 жыл.

31 қаңтар күні Шымкент қаласында он шақты белсенді қала әкімдігіне келіп, Қазақстан билігінен Қытаймен шекараны жабуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Белсенділер «Қытайдағы коронавирус тарап жатқанда билік қамсыз қалады» деп алаңдайды.

Белсенді Лесбек Байжанов «өзге елдер шекарасын қымтап, Қытайда тараған коронавирустан сақтанып жатқанын» айтып, Қазақстан билігі әлі күнге шекараны толық жаппай отырғанына наразылық білдірді.

- Шекара ашық-шашық. Темір жолды ертең, әуежайды 3 ақпанда жаппақшы. Қазіргі жағдай қандай? Залалсыздандыру жұмысы жүрді ме? Мектеп, балабақша, оқу орындарында, сауда орындарында не істеп жатыр? Мысалы, дәріханаларда медициналық маска жоқ болып кеткен. Қалалық әкімдік жұртпен жұмыс жасап жатқан жоқ, - дейді белсенді Байжанов.

Белсенділер қала әкімдігінің кез келген төтенше жағдайға дайын екеніне сенімсіздік білдірді. Олар қала әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық денсаулық сақтау басқармасының, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысымен жолығуды талап етті.

«Әкімдікті жауып, полициямен қалай қоршап тұр, солай Қазақстан шекарасын да жапсын» деді әкімдікке келгендердің бірі Тілеубек Кенжебай.

Барлық белсенді бірге бірнеше рет «Шекара жабылсын!», «Президент отставкаға кетсін!», «Сенат төрайымы отставкаға кетсін!», «Назарбаев отставкаға кетсін!» деп айқайлады. Содан кейін әкімдік қызметкерлері белсенділерге түсіндіру жұмысын жүргізу үшін ішке кіргізді. Азаттық тілшісін кездесуге қатыстырмады.

Желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарынан белгісіз вирус тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. Ғалымдар вирус жәндіктерден шығуы мүмкін деген болжам айтады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 31 қаңтарда елде 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада түскенін, олардың анализдеріне сараптама жасалып жатқанын хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми түрде тіркелмеген.

Нұр-Сұлтан 29 қаңтардан бастап Қытаймен автобус қатынастарын шектеген. 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында пойыз, 3 ақпанда әуе рейстері тоқтайды. Нұр-Сұлтан Қытай азаматтарына виза беруді де уақытша доғарды. Нұр-Сұлтан егер екі елмен шекараны толық жауып тастаса, Қытайда жүрген қазақстандықтар кері қайта алмай қалады деген уәж айтады.

Қытай билігінің 31 қаңтардағы дерегі бойынша, коронавирустан қаза болғандар саны 213 адамға жетті. Ресми Пекин елде 9692 адам вирус жұқтырғанын хабарлады.

30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. 31 қаңтардағы дерек бойынша, Уханьнан тараған вирус әлемнің 20 елінде тіркелді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG